Шығыс Қазақстанда 218 адам заңсыз аң аулаған
2020 жылғы 17 қараша 08:41

Шығыс Қазақстанда 218 адам заңсыз аң аулаған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Браконьер» жедел алдын алу шарасы барысында 400-ден астам құқық бұзушылық анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде браконьерліктің жолын кесу, биологиялық ресурстар нысандарының заңсыз айналымы және қолданыстағы заңнаманы бұзуға қатысты өзге де заңбұзушылықтарды анықтау мақсатында «Браконьер» жедел алдын алу шарасы жүргізілген. Соның нәтижесінде 400-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліп, 3 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.

«Оның ішінде аң аулау ережелерін бұзғаны үшін 218, балық аулау ережелерін сақтамаған 154 адам жазаға тартылды. Сондай-ақ экологиялық қылмыстың 11 фактісі анықталды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Мәселен, «Омбы-Майқапшағай» тасжолындағы Тайжүзген учаскесінде тәртіп сақшылары ВАЗ 2107 автокөлігін тоқтатқан. Тексеру барысында жүргізушінің жалпы салмағы 79 келі тартатын шортан балығын тиісті құжаттарсыз тасымалдағаны белгілі болды. Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 335-бабы 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазіргі уақытта Тұғыл ауылының тұрғынына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.


Jańalyqtar

MURAǴAT