Шығыс Қазақстанда 167 гектарға жайылған дала өртінің беті қайтпай жатыр

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында 167 гектарға жайылған дала өртінің беті қайтпай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Алтай ауданында ашық алаңда шөп пен бұта өртеніп жатыр.

Сол жерде құтқарушылар, орманшылар, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері жұмыс істеуде.

Жалпы саны 340-тан астам адам мен 25 техника тілсіз жаумен күреске тартылған. Суағар құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы да іске қосылды.

«Өрт 2 қыркүйек күні түскі уақытта шықты. Жетуі қиын таулы аймақты шарпығандықтан оны өшіру қиынға соғуда. Алдын ала дерек бойынша қызыл жалынның аумағы 167 гектарды құрайды. Әуеден шолып тексеру үшін «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің АН-2 ұшағы жұмылдырылды. Ең жақын ауыл 25 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ», - дейді департаменттің баспасөз хатшысы Марина Лискова.

Еске салсақ, осыған дейін Зайсан ауданында 45 гектарға жайылған дала өрті ауыздықталғанын хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар