11:10, 14 Мамыр 2021 | GMT +6
Шығыс Қазақстанда 15 гектарға жайылған дала өрті ауыздықталды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар, орманшылар мен шекарашылар 15 гектар аумаққа жайылған қызыл жалынды сөндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 13 мамырда сағат 14.40-та Зайсан ауданындағы «Қаратал Құмы» учаскесінде шөп өртенген.
Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері мен орман шаруашылығының қызметкерлері жедел жетті.
«Тілсіз жаудың жалпы аумағы 15 гектарды құраған. Өртті сөндіруге барлығы ТЖД-ның 15 құтқарушысы мен 3 техникасы, орман шаруашылығынан 12 адам, 2 техника және Зайсан шекара заставасынан 70 сарбаз жұмылдырылды» деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте департамент мамандары өңір жұртшылығына ыстық және желді ауа-райында от жағуға тыйым салынғандығын ескертеді.
Егер өрт шығып жатса, дереу «101» немесе «112» нөміріне хабарласу қажет.