Шығыс Қазақстанда 130-ға жуық дәрігер жетіспейді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 130-ға жуық дәрігер жетіспейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс бойынша дәрігер тапшылығы сезілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингі барысында ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанова мәлім етті.

«Шығыс Қазақстан бойынша 130-ға жуық дәрігер жетіспейді. Маман тапшылығы мәселесін шешу үшін жыл сайын медициналық ұйымдардың басшылары мен қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары елдегі медициналық жоғары оқу орындарының бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысуда. Сондай-ақ ауылға жұмысқа келген жас мамандарға көтерме қаражат пен қызметтік тұрғын үй беру көзделген. Биыл «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша дәрігерлерге 20 жеке тұрғын үй бөлу жоспарланып отыр», - дейді ол.

Оның айтуынша, осы жылы Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кенті мен Зайсан ауданы Зайсан қаласында емхана, Өскемен қаласы Ахмирово ауылында дәрігерлік амбулатория бой көтереді.

«Жалпы 2023-2024 жылдары өңір бойынша 36 жаңа медициналық нысан салынады. Атап айтқанда, 7 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік акушерлік және 27 медициналық пункт ашылмақ», - дейді А.Қапанова.


Соңғы жаңалықтар