Шығыс Қазақстан облысында үздік мұғалімдер марапатталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында кәсіби мереке қарсаңында үздік мұғалімдер марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде жыл көлемінде ерекше көзге түскен ұстаздарды марапаттау шарасы онлайн форматта өткізілді. Жыл сайынғы «Үздік педагог» байқауына биыл 5 мыңнан астам мұғалім қатысқан. Оның ішінде 500 адам байқаудың аудандық кезеңінен сүрінбей өтті. Ал облыстық деңгейге 20 мұғалім іріктелсе, 6 адам республикалық байқауға Шығыс Қазақстан облысы атынан қатысты.

«Үздік педагог-2020» республикалық байқауында жеңіске жеткен өңірдің 4 ұстазына 2,7 миллион теңгенің сертификаттары берілген.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Мұғалімдікті әлемдегі кез-келген мамандықпен салыстыруға болмайды. Балаға білім әлемінің есігін ашып, оны ересек өмірге дайындау арқылы сіздер ел болашағының байрағын берік қалап жатырсыздар. Пандемия педагог жұмысының қаншалықты маңызды және құнды екендігін айқын көрсетті», - деді ол.


Облыс әкімі онлайн шарада «Үздік педагог-2020» байқауының өңірлік кезеңінде топ жарған 2 мұғалімге 800 мың теңгенің сертификаттарын табыстады.

Жыл сайын аймақ оқушылары халықаралық олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Даниал Ахметов осы жылы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған 6 мұғалімнің жоғары кәсібилігін атап өтіп, оларға 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификаттар мен Алғыс хаттар табыс етті. Бастауыш сыныптың 3 мұғалімі 300 мың теңгенің сертификаттарын иеленді. Сонымен қатар өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатуда ерен еңбек сіңірген ұстаздар ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің Құрмет грамоталарымен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар