Шығыс Қазақстан облысында праймериз қорытындысы шығарылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында барлық деңгейдегі мәслихаттарда, соның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісінде тиімді депутаттық корпусты қалыптастыру үшін кандидаттар арасында ашық іріктеу жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Даниал Ахметов елімізде алғаш өткізіліп отырған партияішілік іріктеуге қатысқан үміткерлермен кездесу өткізді.

Праймеризге Шығыс Қазақстан облысынан мыңнан астам кандидат тіркеліп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Ашық пікірсайыстар өткізіп, қоғамның өзекті мәселелерін шешудің жолдарын ұсынды. Дауыс беру кезеңіне 923 кандидат өтті. Дүйім жұрт «Праймериз» порталында қалаған кандидатына дауыс берді.

«Партияішілік сайлауға түскен барлық кандидаттар азаматтық белсенділіктерінің жоғары екендігін көрсетті. Сайлау нәтижесіне қарамастан, әрбір қатысушы баға жетпес тәжірибе жинақтады деп ойлаймын. Праймериз –ашық, әрі еркін ой бөлісуге, бір-бірімізді тыңдауға, саясатқа сауатты араласуға үйретті», – деді облыс әкімі.


Үгіт-насихат барысында кандидаттар өңірдегі елді мекендердің бірқатар мәселесін көрсетті. Олар өзара пікірталаста проблемаларды және оның шешу жолдарын талқылады. Арнайы құрған бағдарламаларын БАҚ-та және әлеуметтік желілерде халық арасына белсенді таныстырды.

Даниал Ахметовтің айтуынша, праймериз барысында 1,5 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Кандидаттар нәтижеге қарамастан мәселелердің сапалы шешілуіне мониторинг жасап, үлесін қоса алады. Кездесу соңында барлық қатысушыларға «Nur Otan» партиясының облыстық, қалалық филиалдары төрағаларынан алғыс хаттар табыс етілді.


Соңғы жаңалықтар