Шығыс Қазақстан облысында көктемде жағдайдың қиын болуы ықтимал - Үкіметтегі отырыс

None
None
АСТАНА. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Шығыс Қазақстан облысында көктемде жағдайдың қиын болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Астанада өткен Үкімет отырысында Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қыс бойы өңірдегі жолдардың басым бөлігі қар құрсауында қалғанын еске салып өткен министр, «меніңше, жолдың бір бөлігін су басатын секілді. Олардың жағдайы онсыз да күрделі. Көктемгі су тасқынынан кейін бұл жолдарда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет болады», деді.

Өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко ШҚО-да қардың қалыңдығы 60-тан 200 сантиметрге дейін жететінін, сондай-ақ өңірдің басым аумағында қардың деңгейі орташа жылдық нормадан 2-3 есе асып түскенін жеткізді.

«Биылғы жылғы қаңтар мен ақпанда Өскеменде қардың көлемі елеулі деңгейде жиналды. 200 мың текше метрі сыртқа шығарылса да, бұл тек 3-4 орталық көшелердікі. Біз қаланың аудандары бойынша жүріп өттік, жағдай өте күрделі», деді Төтенше жағдайлар министрі.

В. Божко қатты аяздардың салдарынан облыстағы өзендердегі мұздың қалыңдығы 70-тен 160 сантиметрге дейін жеткенін, бұл өз кезегінде мұз көшкіні кезінде өзеннің тасуына әкеліп тірейтінін айтып өтті.

Қалыптасқан жағдай бойынша биылғы жылғы қар еритін кезеңде облыстың 30-ға тарта ауылдары су басатын аумақта болуы мүмкін.

«Әсіресе, қиын жағдай Зырян ауданының Нижнебыковское ауылында қалыптасып отыр. Онда мұз көшкіні басталғанда және қар еріген кезде тұрғын үйлермен бірге өзен жағасының аумағы құлауы мүмкін», деді ведомство басшысы.

Осыған байланысты министр аталған өңірге көмек көрсету қажеттілігі туындайтынын жеткізді. Өз кезегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов В. Божкоға облыс әкімдігімен бірлесе отырып өңірге көмек көрсету бойынша Үкіметке жедел түрде ұсыныс енгізуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар