Шығыс Қазақстан облысында карантин 1 шілдеге дейін ұзартылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында карантин шаралары 1 шілдеге дейін созылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО бас санитар дәрігерінің қаулысына сілтеме жасап.

Құжатқа сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының барлық аумағында 2020 жылғы 1 шілде сағат 00.00-ге дейін шектеулер, соның ішінде карантин шаралары сақталады. Шаруашылық және өзге де қызмет түрлеріне қатысты айрықша жағдай енгізіледі.

Соңғы 7 күн ішінде өсім 4,7% құраған Семейге ерекше көңіл бөлінді. Қаулыда қалада азық-түлік сатпайтын сауда нысандарының жұмыс уақытын сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін және азық-түлік сататын сауда объектілерінің жұмыс уақытын сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін қысқарту қажеттігі туралы айтылған.

Бұл ретте шектеулер азық-түлік емес тауарларды көтерме-бөлшек және бөлшек саудамен сататын сауда нысандарына, ірі сауда объектілері мен кешендеріне, сауда-ойын-сауық орталықтарына, аумағы 2000 шаршы метрден асатын сауда үйлеріне тыйым салынады. Сондай-ақ, түнгі клубтардың (дискотекалардың), барлардың, кальяндар мен караоке жұмысына рұқсат етілмейді.

Сонымен қатар, құжатта Семей қаласында, дәлірек айтқанда, ауру жұқтыру деңгейі жоғары қала аудандарында, сондай-ақ адамдар көп жиналатын жерлерде, тұрғын үй секторында, саяжай аумағында, саябақтарда, гүлзарларда, аула ішіндегі балалар ойнайтын алаңдар мен спорт алаңдарында, рекреация аймақтарында, қоғамдық көліктерде маскалық режим мен әлеуметтік қашықтықты сақтау тұрғысынан патрульдеу күшейтілетіні хабарланды.

Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысында Үржар ауданында, атап айтқанда Алакөл көлінің жағалауында да санитарлық нормаларды сақтау керектігі айтылады.

Соңғы жаңалықтар