Шығыс Қазақстан облысында дала өрті өршіп тұр

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында дала өрті өршіп тұр. Күн сайын құтқарушылар 20-30 өртті сөндіруге аттанады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар дала өртімен дамылсыз күресуде. 10 мамырда Алтай ауданы Ермаковка ауылында шөп пен бұталар жанған. Отты ауыздықтауға жеке құрамнан 54 адам, 8 техника, жергілікті атқарушы органнан 8 қызметкер, 2 техника, орманшылардан 20 адам мен 4 техника жұмылдырылды. Бұдан бөлек, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы тартылып, әуеден 33 тонна су төгілді. 70 гектар аумаққа жайылған өрт сағат 20.50-де оқшауланды. Алдын ала мәлімет бойынша жалынның шығу себебі – отты пайдалануда қауіпсіздік шараларын сақтамау.

Күн сайын өрт сөндіру бөлімшелерінің қызметкерлері 20-30 рет дала өртін өшіруге аттанады. Көп жағдайда өрт ашық аумақта, саяжайларда және тұрғын үй секторында тіркеледі.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да табиғи қорықта 120 гектарға жайылған өрт сөндірілгенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар