Шығыс Қазақстан облысында биыл 500 км астам жол жөнделеді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында осы жылы 543 шақырым жол жөндеуден өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінде өткен жиналыс барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов жергілікті биліктің ерекше көңіл бөлетін негізгі бағыттарды атады. Оның айтуынша, көптің көкейінде жүрген басты мәселелер – тұрғын үй құрылысы мен жолдардың жөнделуі.

«Осы тұрғыда биыл іске асырылуы тиіс жұмыстар бекітілді. Жыл соңына дейін кем дегенде 685 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Сондай-ақ облыс бойынша 543 шақырым жол жөнделуі тиіс. Аудандардағы пайдаланылмай бос жатқан жерлер мемлекет меншігіне тәркіленіп, халық игілігіне берілуі үшін тиісті жұмысты күшейту қажет», - деді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ өңір басшысы 1 мамырда еліміз атап өтетін – Қазақстан халқының бірлігі күніне тоқталып, өңірдегі ұлтаралық бірлікті нығайту ең негізгі мақсаттардың бірі екендігін жеткізді.

«Еліміздің ұлтаралық келісім жолымен жүруден басқа амалы жоқ. Түрлі этнос өкілдері тұратын Қазақстан халқының мақсаты ортақ болуы тиіс», - деді ШҚО әкімі.

Еске салайық, осыған дейін ШҚО-да соңғы бес жылда 2 мыңнан астам көпбалалы отбасына баспана берілгенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар