Шығыс Қазақстан облысында балалар дәрігері тапшы – Әлеуметтік сақтандыру қоры

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат –ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды – Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Осыған орай «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ «Сүйікті бала» арнайы жобасын қолға алған. Соның аясында балалардың денсаулығын нығайтып, түрлі ауруларға шалдығуының алдын алу үшін тиісті шаралар атқарылуда. ҚазАқпарат тілшісі аталған қордың Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Ғалымжан Әбіловпен сұхбат құрып, балалардың сақтандырылуына қатысты бірқатар сұраққа жауап алды.

- Балалар медицинасының бүгінгі жай-күйі қандай?

- Жалпы елімізде медицина саласы жылдан-жылға дамып келе жатыр. Заманауи озық технологиялар енгізіліп, жаңа әдіс-тәсілдер қолданылуда. Оның ішінде балалар денсаулығы ерекше назарда. Себебі дені сау ұлт қалыптастырып қана ел болашағына сеніммен қарай аламыз. «Сүйікті бала» арнайы жобасы шеңберінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры балаларға медициналық көмекті қаржыландырып, профилактикалық қарап-тексеруге басымдық берді. Қазіргі таңда медицинада негізгі міндет – ауруды емдеу ғана емес, оның алдын алу. Мәселен, жүкті әйелдер пренаталды скринингтен өтеді. Бұл ұрықтың патологиясы мен кемшіліктерді уақтылы анықтауға мүмкіндік береді. Перзентханада жаңа туған нәрестеге неонаталдық скрининг жүргізіледі. Сондай-ақ жоба аясында педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына сәйкес балалардың аурушаңдығының, мүгедектігінің және өлім-жітімінің алдын алу бойынша шаралар көзделген.

- 18 жасқа дейінгі балалар МӘМС жүйесінде қандай медициналық көмекке үміт арта алады?

- Балалар мемлекет есебінен жарна төленетін 15 жеңілдік санатының біріне жатады. Осы санаттағылардың медициналық көрсеткіштер бойынша учаскелік педиатрдың жолдамасымен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін (ТМККК) және МӘМС шеңберінде кез келген медициналық көмек алуға құқығы бар.

- Өскемен тұрғындары балаларын невропатологтың қабылдауына жаза алмайтындықтарын айтып жиі шағымданады. Бұл маман тапшылығына байланысты туындап отырған мәселе ме?

- Иә. Тек Өскеменде ғана емес, облыс бойынша балалар дәрігерлері, оның ішінде невропатолог, офтальмологтар қажет. Маман тапшылығы салдарынан тұрғындар дәрігерлерге бір ай бұрын жазылуға мәжбүр. Дәрігерлер бір күнде кемінде 50 адамға дейін қарайды. Олардың әрқайсысын тыңдап, денсаулығын тексеріп, ем тағайындайды. Бұл әрине оңай емес. Сондықтан жастарды осы салаға тарту үшін мемлекет медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруде. 2025 жылға қарай дәрігердің орташа жалақысы 550 мың болады.

- Мектеп медицинасын дамыту үшін қандай шаралар атқарылуда?

- Бұрын мектеп медицинасы учаскелік қызметке бөлінген қаражат есебінен қаржыландырылатын еді. МӘМС жүйесінің енгізілуі арқылы ол жеке шығарылды. Бұл мектеп жасындағы балалар арасында тарайтын аурулардың алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ осының нәтижесінде қандай да бір аурулары анықталған балаларды дер кезінде «Д» есебіне тіркеуге, барлық стандарттардың сақталуын бақылауға жол ашылды. Осы жылы қор білім беру ұйымдарында медициналық қызмет көрсетуге 436 емханамен 26,1 млрд теңгеге жуық қаражатқа шарт жасасты. Салыстыру үшін айта кетейін, 2020 жылы мектеп медицинасының қызметін 417 медициналық ұйым, 2021 жылы 430 медициналық ұйым көрсетті, шарттардың құны 22,2 млрд теңгені құрады.

Мектеп медицинасының мақсаты – білім беру ұйымдарындағы балаларды қажетті медициналық қызметтермен тиісті деңгейде қамтамасыз ету. Бұл жұмыс мектеп немесе балабақша орналасқан аумаққа қарасты емхана жауапкершілігінде болады. Ол үшін мектепте медицина қызметкерінің жабдықталған кабинеттері ашылады. Профилактикалық тексеру немесе вакцинация жүргізу үшін мектепке тиісті профильдегі дәрігерлер келеді. Мұндай іс-шаралар алдын ала жоспарланып, ата-аналар хабардар етіледі.

- Жоғары оқу орнына түскенге дейін мектеп бітірген балаға сақтандыру мәртебесін сақтап қалу үшін не істеу қажет?

- Сақтандыру мәртебесін сақтау үшін ол студенттер қатарына қабылдау туралы бұйрық шыққанға дейін МӘМС жүйесіне дербес төлеуші ретінде қатысуы қажет. 2022 жылы дербес төлеуші ретінде МӘМС-ке жарна мөлшері – 3000 теңгені құрап отыр.

- Егер оқушы немесе студент мәртебесі «Сақтандырылмаған» болып шықса не істеу керек?

- Ондай жағдай болса «Qoldau 24/7» мобильдік қосымшасы арқылы өтініш беруге болады. Бұл қосымшаны App Store және Play Market-тен жүктеуге мүмкіндік бар. Соның көмегімен растайтын құжаттарды, атап айтқанда ЖОО немесе мектепте оқитындығы туралы анықтаманы, жеке куәлікті жібере алады.

- Егер мектеп оқушысы 18 жасқа толған болса ол МӘМС-те жеңілдік алуға тиесілі санатта қала ма?

- ҚР ДСМ 2020 жылғы 29 желтоқсандағы «Медициналық қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алуға құқық беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген «орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын адамдар» санатына жататын кәмелетке толғандар жеңілдік санатына жатады. Бұл үшін оның деректерін оқу мекемесі «Ұлттық білім беру деректер базасы» АЖ-ге енгізуі тиіс.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Балалар жылына орай Шығыс Қазақстан облысының бас педиатры Гүл Құсайыновамен жолығып, әңгімелесіп қайтқан едік. Ол бізге оқушылар арасында қандай аурулар белең алып бара жатқанын, баласының түрлі дертке шалдығуының алдын алу үшін ата-анаға не істеу керектігін айтып берген еді.


Соңғы жаңалықтар