Шығыс Қазақстан облысында 60-қа жуық адам қос азаматтықпен жүрген

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында бір жылда қос азаматтықпен жүрген 60-қа жуық адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында қос азаматтығы бар адамдарды анықтау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

«Заң бойынша басқа елдің азаматтығын алуды ұйғарған адам ең әуелі қазақстандық азаматтықтан бас тартуы қажет. Ол үшін 30 күн мерзім ішінде ішкі істер органдарын өзге мемлекеттің азаматтығын алуды жоспарлағанын хабарлап, ҚР паспорты мен жеке куәлігін тапсыруы қажет. Өкінішке қарай, Шығыс Қазақстанның кейбір тұрғындары бұл рәсімді елемейді. Сондықтан қос азаматтық фактілерінің өсуі байқалады. Мәселен, 2022 жылы ШҚО ПД Көші-қон қызметі қос азаматтықпен жүрген 60-қа жуық адамды анықтаған. Ал осы жылдың қаңтарында құқық қорғау органдары осындай 6 құқық бұзушыны тіркеді», - делінген ақпаратта.

Ведомство дерегінше, қос азаматтықтың бірнеше себебі бар.

Атап айтқанда, карантиндік шектеулер кезеңінде мемлекеттік шекарадан кедергісіз өту, төтенше жағдайлар туындаған жағдайда шұғыл эмиграция мүмкіндігі, материалдық артықшылықтар алу, атап айтқанда зейнетақы есебі, балалар туған кездегі жәрдемақы және жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдік жағдайлары.


Соңғы жаңалықтар