Шығыс Қазақстан облысына қосымша күш пен құралдар жіберілді - ТЖМ

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақмола облысында қардың қарқынды еруі байқалады. Бұл туралы өңірдің су тасқыны жағдайына жүргізілген аэровизуалды зерттеуден соң Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты. Ал, ШҚО-ға қосымша күш пен құралдар жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аэровизуалды зерттеу Қосшы қаласының, Ильинка, Талапкер, Қоянды кенттері, 42-разъезд бекеті, Нұра өзенінің арнасы, лиманды суару жүйесі, Астана контрреттегіші, Астана су қоймасы, Преображенск гидроторабының су тасқыны қаупі бар учаскелері бағытында жүргізілді.

«Жалпы, облыстың 14 ауданындағы 53 елді мекен қауіпті аймақта. Бүгінгі дейін 1 млн. текше метрден астам қар шығарылды, 3 мыңнан жоғары су құрылыстары тазартылды, 500 мың текше метрден артық тасқын су бұрылды. 3 мың күш пен құрал су тасқынына қарсы іс-шаралар атқарып жатыр. 300 тоннадан астам ЖЖМ дайындалды», - деді аэровизуалды зерттеу барысында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин атап өткендей, қардың қарқынды еруі байқалады.

«Астана су қоймасының айналасындағы барлық дерлік беткейлер ашылып, белсенді ағындар жүріп жатыр. Әзірге қар қорлары бар. Су қоймаларын толтырмау және Нұр-Сұлтан тұрғындарының жазғы қажеттіліктері үшін суды сақтау бойынша жұмыстар жүргіземіз. Төгінділерді есептеу арқылы температуралық фон мен жағдайға байланысты реттейміз», - деді министр.

Министрліктің мәлімдеуінше, Шығыс Қазақстан облысына қосымша күш пен құралдар жіберілді. Өйткені, Риддер мен Алтай таулы өңірлерінде қардың қарқынды еруі мүмкін деген болжам бар.

Еске салсақ, Шығыс Қазақстан облысында 7-9 сәуір күндері көшелер мен үйлерді су басу қаупі күрт артатыны хабарланған болатын.

Ал, Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарындағы жағдай қалпына келе бастаған. Тұрғындар үйлеріне оралып жатыр. Жергілікті жерлерде зардапты бағалау жөніндегі комиссия жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар