Шығыс Қазақстан мен Беларусь өзара тиімді ынтымақтастық орнатуда

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Павел Утюпин ШҚО-ға жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Бұл Павел Утюпиннің Шығыс Қазақстан облысына алғашқы сапары. Сапар барысында ол Семей қаласының әкімі Бақытжан Байхаметовпен кездесіп, Абайдың тарихи-мәдени мұражай-қорығына, «СемАЗ» ЖШС ауыл шаруашылығы және жүк техникасын өндіруге мамандандырылған кәсіпорынға, «Восток-Молоко» ЖШС сүт өңдеу кәсіпорнына және «Белорусская шина» ЖШС-на барды. Сонымен қатар өңірдегі белорус диаспорасымен кездесу өткізді. Облыс әкімдігінде өңір басшылығымен және ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік ведомстволарының өкілдерімен келіссөздер жүргізілді, - деп хабарлады ШҚО Ақпарат орталығы.

Елші облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаевпен екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасты.

Беларусь дипломаты Қазақстанмен ауыл шаруашылығы, атап айтқанда, трактор, комбайн жасау саласында табысты келісімдер бар екенін атап өтті. Тараптар тракторларға арналған жекелеген агрегаттарды шығару мәселесін талқылады.

Ержан Нұрбаев өңірдің күнбағыс тұқымын және сүт өндіру бойынша бірінші орында, ет өндіруде екінші орында екенін жеткізді. Сондықтан бірлескен жобаларды іске асырудың ерекше мәні бар.

- Беларусь елшісі Павел Утюпин Минск автокөлік зауытынан Төтенше жағдайлар департаменттерін қайта жарақтандыруға арналған заманауи өрт сөндіру техникасын жеткізу мәселесі бойынша Қазақстанмен белсенді ынтымақтастықта екенін жеткізді. Осыған байланысты кәсіпорын Шығыс Қазақстанда өрт техникасын пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру үшін коммерциялық ұсыныс дайындады. Бұдан бөлек, тараптар ағаш өңдеу өндірісі мен туризм саласындағы өзара іс-қимылды талқылады. Дипломаттар Шығыс Қазақстан, Могилев және Брест облыстары арасындағы ынтымақтастық бойынша жол картасын жасауға келісті. Кездесу соңында екі жақ та өзара тығыз қарым-қатынастың одан әрі дамуына, тиімді жаңа жобалардың іске асырылуына сенім білдірді, - делінген мәліметте.


Соңғы жаңалықтар