Шығыс Қазақстан халқы Абай облысына 15 тонна гуманитарлық көмек жіберді

None
Фото: ШҚО Ақпарат орталығы
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары Абай облысына 15 тонна гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, өңір тұрғындары Абай облысының халқына арнап азық-түлік, дәрі-дәрмек, жеке гигиена құралдары мен ыдыс-аяқтар жинастырған.


Барлығы 15 тонна көмек жөнелтілді. Бұл өрт басталғалы бері Шығыс Қазақстаннан жіберілген үшінші гуманитарлық көмек.

Тілсіз жаумен күресіп жатқан өрт сөндірушілер ашытылған сүт өнімдерін жіберуді сұраған. Сондықтан «Багратион» серіктестігінің қолдауымен бір тонна сүт пен айран жеткізілмек.

«Шығыс Қазақстан тұрғындары қиындыққа тап болғандарға ешқашан бей-жай қарамайды. Біздің университеттер гранттар бөлуде, ұйымдар, мемлекеттік органдар бір күндік жалақыны аударуда. Бүгінгі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы волонтерлердің республикалық фронт-кеңсесі арнайы қайырымдылық шот ашты. Әлі де қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар және басқа да қамқор тұрғындар тарапынан гуманитарлық көмек жиналып жатыр. Сол үшін біз өз жерлестерімізге шынайы алғысымызды білдіреміз», - дейді ШҚО волонтерлерінің фронт-кеңсесінің басшысы Данияр Жүнісов.


Соңғы жаңалықтар