Шығыс Еуропада коронавирус жұқтырғандар 5 миллионнан асты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуропа елдерінде короновирус инфекциясының таралуы тежелмей тұр. Қытайда да індеттің жаңа деректері тіркеліп, сақтық шаралары күшейтіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Еуропада коронавирустық инфекцияны жұқтырғандар саны 5 миллионнан асты. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Өткен тәулікте Болгария, Польша, Венгрия, Словакия мен Украина секілді елдерде вирус жұқтырудың 82 мыңнан астам дерегі анықталды. Бұдан бөлек күн сайын шамамен 1500-дей науқас бақилық болады екен. Ал Иранда індеттің кеңінен етек жаюына байланысты билік өкілдері қатаң шектеу шараларын енгізді. Бірақ жергілікті жұрт тәртіпке бағынбай жатқан көрінеді. Тегеран көшелерінде адам қарасы қалың. Кафе-бар иелері де мұндай шараға наразы болып отыр.

Қытайда коронавирусты жұқтырудың жаңа деректері тіркелді. Науқастармен жақын қатынаста болған адамдар оқшауландырылып, тексеруден өтіп жатыр. Дәрігерлер дерт қалай жұққанын анықтауға кірісті. Мамандардың айтуынша, күн сайын вирусты шетелден әкеліп жатқандар бар. Осыған байланысты үкімет шекарадағы бақылауды күшейтті. 46 айлақ пен 66 өткелді жауып, Қытай аумағына заңсыз өтуге жол бермеу үшін күзет күшейтілген. Елге тұруға рұқсаты мен визалары бар шетелдіктердің келуіне салынған уақытша тыйым мерзімі ұзартылды. Рұқсаты бар адамдарға талаптар күшейтілді. Енді олар мерзімі 48 сағаттан аспайтын екі тест тапсырулары тиіс. Біреуі ПТР-тест, ал екіншісі антиденелерге сараптама. Қытайда шетелден ауруды жұқтырып келген үш мың алты жүздей адам анықталған. Қазан айынан бері бұл көрсеткіш артып келеді. Ел ішінде де бірен-саран адам ауруды жұқтырған екен. Сондықтан билік маска тағу, қол жуу және әлеуметтік арақашықтықты сақтауды жалғастыра беруді талап етіп отыр.

Гонконг коронавирустың төртінші толқынына жол бермеудің қамына кірісті. Өткен тәулікте қалада вирус жұқтырудың 40-тан астам дерегі тіркелген. 60-ы әлі расталмаған. Бұл туралы жергілікті басылым хабарлады. Жексенбіден бастап Гонконгта жаңа шектеу шаралары күшіне енеді. Ол бес күнге созылады. Осы уақыт аралығында сауық кештерін ұйымдастыруға арналған нысандар жабылады. Ережені бұзғандар бірден жауапқа тартылады. Олар 6 жарым мың доллар көлемінде айыппұл арқалап, 6 айға дейін бас бостандығынан айырылады. Жергілікті биліктің хабарлауынша, қалада науқастар саны артып барады.

Ресейде кейінгі тәулікте коронавирус жұқтырған 24 822 адам анықталды. Инфекциямен күрес жөніндегі жедел штабтың мәліметінше бұл жаңа рекорд, - деп хабарлайды РИА Новости. Бір тәулікте коронавирустан 467 адам қайтыс болған. Жаңа жағдайлар Ресейдің 85 өңірінде тіркелген. Науқастардың төрттен бір бөлігінде (5816 адамда) ауру ешқандай белгісіз өтіп жатыр. Науқастар саны бойынша бірінші орында – Мәскеу, 7168 адам. Екінші орында – Петербург, 2476 адам. Подмосковьеде – 916 адам анықталған. Ресей бойынша науқастардың жалпы саны – 2 064 748.

Сербияда коронавирусты жұқтырғандар саны 100 мың адамнан асып кетті. Бұл туралы осы елдің Денсаулық министрі мәлімдеді. Соңғы 24 сағаттың ішінде 18 мың 980 адам вирусқа тест тапсырып, 6 мың 109-ынан қатерлі індет белгісі анықталған. Өкінішке орай, 29 науқас көз жұмған. Қазір Сербияда талап қатал. Барлық ойын-сауық орындары, сауда орталықтары мен дүкендері таңғы 9-да ашылып, кешкі 17:00-де жабылады. Бұдан басқа ел үкіметі сыртта да, іште де 17:00-ден астам адам жиналмауын қатаң шектеген болатын.

Португалияда енгізілген төтенше жағдай режимі тағы 15 күнге ұзартылды. Жағдай жақсармаса, шектеу шаралары созылуы мүмкін. Португалия президенті Марселу Ребелу де Соузаның айтуынша, елдегі төтенше жағдай режимін 8 желтоқсанға дейін ұзарту туралы шешім қабылданған. Ауруханаға жатқызылған науқастардың саны осы айдың соңына дейін ең жоғары деңгейге жетуі мүмкін. Бұл өте алаңдатарлық жайт. АҚШ-тың Калифорния штатында да осыған ұқсас жағдай. Мұндағы билік вирустың таралуын тежеу үшін штатта коменданттық сағат жариялады.

Арменияда тәулігіне орта есеппен 1 жарым мың адам коронавирус жұқтырады екен. Бұл – соңғы күндердегі мәлімет. Бұған дейін індет 30 адамның өмірін жалмаған. Вирус жұқтыру қарқыны бәсеңдеген сыңайлы, бірақ жағдай әлі де күрделі дейді мамандар. Екінші толқын алғашқысымен салыстырғанда қатты соққы болды. Ауруханаға жатуға ұзын-сонар кезек тұр. Өрімдей жастар көз жұмды. Жұққан індет лезде асқынып, дәрігерлердің әлі жетпей жатыр. Көктемде індет басталғанда жұқпалы аурулар ұлттық орталығы дәрменсіз күй кешті. Төсек-орын жетіспеді. Алғашқы толқында аулаға қосымша корпус та тұрғызылды. Бірақ бұл да мардымсыз болып шықты. Енді ғана жағдай тұрақталған сияқты. Қазір бас-аяғы 214 науқас емделіп жатыр. Алайда біреуі айығып орын босатса, бірден басқасы келеді. Диагнозы басқа дімкәстар мүлде бас сұға алмайды. Өкінішке қарай, ковид жастарды жалмап жатыр. Жастар бұрын да ауыратын, бірақ төсекке таңылмайтын. Қазір 50-ге жетпей індетті жұқтырып, басын көтере алмай қалғандар өте көп. Коронавирустың өршуіне Аремениядағы саяси жағдайдың да кері әсері бар. Ел астанасында күнде көшеге мыңдаған адам шығады.

Германия ел азаматтарына BioNTech пен Pfizer компаниялары бірлесе әзірлеген коронавирусқа қарсы вакцинаны салады. Бұл жұмыстар келер жылдың алғашқы тоқсанына жоспарланған. Қазір елде дайындық қызу жүріп жатыр. Ел бойынша 60 екпе егу орталығы ашылады. Билік вакцинациялау ісін жылдамдату үшін зейнетке шыққан мамандарды тарту жағын да қарастырып қойды. Жаңа дәрі бірінші кезекте қарт кісілер мен созылмалы аурулары бар азаматтарға егіледі. Содан кейін дәрігерлер, полицейлер, өрт сөндірушілер мен мұғалімдерге салынады. Германия вакцинаның 200 млн дозасын сатып алуды жоспарлап отыр. Осыған байланысты тоңазтқыш шығарушы фирмалар өз өнімдеріне сұраныстың күрт артқанын айтады.


Соңғы жаңалықтар