Шығармашылық одақтар қаржылық қиындықтардан шыға алмай отыр - Қазыбек Иса

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат, «Ақ жол» партиясы фракциясы мүшесі Қазыбек Иса шығармашылық одақтарды қаржыландыру мәселесіне қатысты Премьер-Министрдің орынбасары ЕралыТоғжановтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық мүддемізді қорғау үшін, ең алдымен, өз болмысымызды жат болмыстан қорғай білуіміз керек! Бүгінгідей жаһандану дәуірінде жат болмыстан қорғануда ақпараттық-рухани қауіпсіздіктің рөлі зор. Кейде теріс тәрбиеге, ұлтсыздыққа шетелдік ақпараттық экспансия телесериалдармен бірге өзіміздің ұлттық ұғымнан жұрдай түрлі фильмдеріміздің де, жеңіл күлкіге құрылған сайқымазақтық шу мен шоулардың әсері аз емес. Телеарналардан тізесі жалтыраған жыртық шалбарлы әншілер шығып жатқанда, жалпы осы біздің идеологиямыздың өзі бүтін бе деп ойлауға тура келеді кейде...», - деді Қазыбек Иса.

Оның айтуынша, іс жүзінде мемлекеттің стратегиялық серіктесі және қоғамдағы ұлттық идеялардың қозғаушы күші болуға тиіс шығармашылық одақтар қазір қаржылық қиындықтардан шыға алмай, өз күндерін зорға көріп отыр.

«Қандай елдің дамуында да, ең алдымен мәдениеттің маңызы зор!

Мәдениетімізді қолдауға баса назар аударып келе жатқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен былтыр Шығармашылық одақтарды қолдау қоры құрылған еді. Қазір бұл қордың жұмысы әлі жүрмей жатыр. Шығармашылық одақтар қаржы жоқ деп шырылдауда, ал Мәдениет министрлігіндегі оларды қолдауға бөлінген 257 миллион теңге игерілмей қалды. Себебі, шығармашылық одақтар құжаттары конкурстық талаптарға сәйкес келмеді дейді министрлік. Өздері күн көре алмай отырған шығармашылық одақтар өздеріне тиесілі сыбағасынан айырылып отыр», - деді депутат.

«Біздің ұсыныстарымызға тоқталсақ, шығармашылық одақтарды қаржыландыруды заңнамалық тұрғыдан шешу үшін оларға мемлекеттің стратегиялық серіктесі статусын беру керек. Екіншіден, шығармашылық одақтардың мемлекетпен әріптестік қызметін жандандыру үшін мәдениет пен өнерді дамыту гранттарын тағайындау қажет. Үшіншіден, ұлттық болмысымызды жат болмыстан қорғау үшін ұлттық идеологиялық, ақпараттық-рухани қауіпсіздік тетіктерін жасауды шұғыл қолға алу керек», - деді Қазыбек Иса.


Соңғы жаңалықтар