Шығанақ Берсиевтің жанында жұмыс істеп, күніне 1 келі тары алдық - тыл ардагері

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гектарынан 201 центнерден өнім алған Шығанақ Берсиев өте қарапайым еңбек адамы болды. 

Ақ тары сол кезде майдан даласындағы жауынгерлердің ғана емес, ауыл адамдарының өмірін сақтап қалды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне тыл ардагері Дина Байсеуова айтып берді.

«Ақтөбенің Ойыл ауданы соғыс жылдары майдангерлерге көп азық жіберіп, Шығанақ Берсиевтің ақ тарысы әлімдік рекорд орнатты. Тарихқа сүйенсек, 1941 жылы гектарынан 165 центнер өнім жиналса, 1943 жылы гектарынан 201 центнер тары алынды. Соғыс жылдары тары тек майдангерлердің емес, ауыл халқының жанын сақтап қалған азық болды. Бұл шаруаны мектеп балалары тыңдырды.

«Соғыс басталған жылы әркім қолынан келген істі жасады. Үндеу тастап, жұмысқа шақыру, «ауырып қалдым» деп жұмыстан қашу деген болмады. Бәрі адамның ынтасымен, жігерімен жасалды. Ер азаматтар соғыста, әйелдер мен балалар тылда. Шығанақ Берсиев ауылда қанша адам болса, еңбекке жарамдының бәрін жанына алды. Бастауыш сынып балалары, жесір әйелдер мен кемпірлер болды. Үлкендері орақпен орып, одан қалғанын бес жастағы балаларға дейін тереді. Сол еңбегіне 1 келі тары береді. Соны қуырып, түйіп, диірменге салып тартып, жарма етіп жейміз»,- деді тыл ардагері Дина Байсеуова.

Соғыс жылдары тарышы Шығанақ Берсиевтің жанында жұмыс істеген Дина Байсеуова бар болғаны 14 жаста болған. Мектеп оқушылары, әсіресе қыздар шыққан тарыны оруға ғана барды. Тары сол жылдары суармалы әдіспен өсірілген.

«Тарыны жинап, қапшықпен қырманға тапсырамыз. Ол уақытта өгіз арба болды. Тары арбамен тасымалданды. Алғашында орақ ұстауды білмедік. Бірнеше рет қолымызды кесіп, қапшықты көтере алмай қиналатын едік. Шығанақ Берсиев өте қарапайым болды. Жылы шырайлы еді. Ауыл халқының жағдайына қарап, хал-жағдайларын біліп отырды. Жұмыстың адамы. Екі жыл бойы сол жерде еңбек еттім»,- деді Дина Байсеуова.

Тары майдангерлердің ғана емес, бүтін ауылды аштықтан аман алып қалды. Таң қылаң бере алқапқа аттанып, түн бата үйіне оралатын ауыл адамдары тары жеп, отбасын асырады.

«Соғыс жылдары бір адамның үйіндегі тамақты бәрі бөліп жейтін. Халық ұйымшыл болды. Ауырған адамды көрмедік. Әркім өзі үшін еңбек етті, жан бақты. Халықтың рухы мықты болды, жеңіске сенді»,- деді тыл ардагері.

Тары алқабында ұрыс-керіс болмаған. Әр адам өз жұмысын білді, міндетін атқарды. Ал 1 келі тарыны аз көріп, ұрлық қылған адам заң бойынша жазаланып, ісі сотта қаралды.

Тыл ардагері Дина Байсеуова ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, тынбай еңбектенген адам. Ол бейбіт заманда сол жылдардың қиын күндерін естен шығарған емес. Бала күнінде тары теріп, тарымен тамақтанған ардагер күні бүгінге дейін тарымен шай ішеді.
Айта кетейік, қазір Ақтөбе облысы, Ойыл ауданында «Жақып» шаруа қожалығы тары өсіру шаруашылығын қолға алды. Тары-талқан жергілікті дүкен сөрелеріне түсті. 

Соңғы жаңалықтар