Швейцарияда жасөспірімдер арасындағы ІІІ қысқы Олимпиада ойындары басталды

None
None
ЛОЗАННА. ҚазАқпарат – Бүгін, Швейцарияның Лозанна қаласында жасөспірімдер арасында өтетін ІІІ қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, 6 қаңтар күні Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Лозаннадағы қысқы Олимпиадаға аттанып кеткен болатын. Аталған төртжылдық додаға Қазақстан спорттың 9 түрінен 26 лицензия жеңіп алды.

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінен хабарлағандай, биылғы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысатын спортшылардың жалпы саны 1872-ге жетіп, рекордтық деңгейді көрсетіп отыр.

Естеріңізге сала кетсек, 2012 жылы алғаш рет Инсбуркте өткізілген Олимпиада ойындарында 1059 жасөспірім бақ сынаса, 2016 жылы Лиллехаммерде алауы жанған төртжылдық додаға 1100 атлет қатысты.

Лозаннадағы Олимпиада ойындары 9-22 қаңтар аралығында өтеді. Онда әлемнің 70 елінен келген ең таңдаулы жасөспірімдер спорттың 14 түрінен жүлделі орындарды сарапқа салады.

Айта кетейік, 2016 жылы өткен II қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы төрт медаль ұтып алды (бір күміс, үш қола). Жарыс қорытындысы бойынша еліміз 26-орынға тұрақтады.

Фото: olympic.kz

Соңғы жаңалықтар