Швейцария халқы әйелдердің зейнет жасын 65-ке дейін көтеру бастамасын қолдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Швейцария халқы референдумда зейнетақы реформасын қолдады. Ресми деректерге сәйкес, 25 қыркүйекте өткен жалпыхалықтық дауыс беру кезінде сайлаушылардың 50,6 пайызы әйелдердің зейнет жасын 64 жастан 65 жасқа көтеруді жақтап дауыс берген. Осылайша, қазір ол елдегі ер адамдар үшін белгіленген зейнеткерлік жасқа сәйкес келіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.

Зейнет жасын ұлғайту мәселесі - Швейцарияда жүргізіліп жатқан реформаның ең даулы бөлігі болды.

Сондай-ақ сайлаушылар зейнетақы қорына түсетін түсімді ұлғайту және осылайша тапшылықты жабу үшін қосылған құн салығын көбейту керек пе деген мәселені бөлек дауыс беру арқылы шешті. Бұл шараны ақыры 55% адам қолдаған.

Реформа қартайған халықтың зейнетақысын қорғауға бағытталған. Оны жүзеге асыру үшін екі заң жобасын да қабылдау қажет болды. Сайлаушылардың референдумға қатысуы 52 пайызды құрады.

AFP агенттігінің хабарлауынша, Швейцарияда зейнетақы реформасы соңғы рет 25 жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген. Заңнамаға өзгертулер 2004 және 2017 жылдары енгізілмек болған, алайда дауыс беру нәтижесінде бұл әрекеттер сәтсіз аяқталды.

Ел үкіметі ең маңызды реформа шараларын өткен жылы ұсынған болатын. Оны қолдаушылар елдегі экономикалық және демографиялық жағдайды ескере отырып, әйелдердің ұзағырақ жұмыс істеуін талап ету дұрыс деген пікір білдірді.

Бұл ретте солшыл партиялар мен кәсіподақтар ұсынылған өзгерістерді сынап, референдум өткізуді талап етті.

Қарсы шыққандар өз ұстанымын Швейцарияда әйелдер мен ерлер арасында жалақының айтарлықтай айырмашылығы бар, әйелдер ерлерге қарағанда әлдеқайда төмен зейнетақы алатынымен түсіндірді.

Сыншылардың пікірінше, зейнет жасын осы мәселе шешілгеннен кейін ғана көтеру керек.

Жексенбі күні Швейцарияда жануарларды қорғау ұйымдары ұсынған өнеркәсіптік мал шаруашылығына тыйым салу туралы бастама да дауысқа салынды.

Референдум қорытындысы бойынша бұл бастама қабылданған жоқ, себебі азаматтардың 63 пайызы бұған қарсы шықты.


Фото: dw.com





Соңғы жаңалықтар