Швейцария «ЭКСПО-2017» аясында күн батареяларымен ұшатын ұшақтың стратосфераға алғашқы ұшуын ұйымдастыруды ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары - ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев жұмыс сапарымен Швейцария Конфедерациясында болды, деп хабарлайды ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Фронт кеңсесінен.

Сапар барысында Швейцарияның ЭКСПО көрмелеріне қатысуына жауапты Сыртқы істер бойынша Федералдық департаменті (СІФД), Presence Switzerland және Switzerland Tourism агенттіктерінің басшылығымен, сондай-ақ Швейцарияның жаңартылмалы энергия көздері саласындағы компанияларымен екіжақты кездесулер өткізілді.

Presence Switzerland агенттігінің жетекшісі, Елші Николя Бидомен, СІФД Бас хатшысы Б.Беттихпен және Switzerland Tourism агенттігінің жаңа нарықтар және Еуразия бойынша директоры Ф.Соммаругамен болған келіссөздердің барысында Р.Жошыбаев «ЭКСПО-2017» және оған дайындық барысы туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

Швейцар Корнфедерациясының энергияның баламалы және жаңартылмалы көздерін дамыту бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі екенін назарға ала отырып, Р.Жошыбаев Швейцарияның «ЭКСПО-2017» көрмесіне белсенді қатысуына үмітін білдірді. Өз кезегінде Бидо мырза Швейцарияның Астанада өтетін көрмеге қатысуына қызығушылық танытып отырғаны туралы мәлімдеді.

Тараптар сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты дамытудың қазіргі жағдайы мен болашағын, швейцариялық туристерді «ЭКСПО-2017» көрмесіне тарту, сондай-ақ Швейцария Президенті, ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы Д.Буркхальтердің алдағы ресми сапары мәселелерін талқылады.

Switzerland Tourism агенттігінің жаңа нарықтар және Еуразия бойынша директоры Ф.Соммаругамен және Zurich Airport AG компаниясының вице-президенті М.Фанкхаузермен өткен кездесуде әңгімелеушілер туризм саласындағы ынтымақтастықты белсендетуге қызығушылығын білдіріп, аталған саладағы тәжірибесімен, соның ішінде еріктілерді оқыту тәжірибесімен бөлісуді ұсынды.

Сондай-ақ сапар аясында көрменің комиссары күн батареяларымен ұшатын ұшақтарды өңдеу және шығарумен айналысатын Solar Impulse және Solarstratos басшылығымен ынтымақтастық мәселелерін ортаға салды.

Атап айтқанда, Solar Impulse компаниясының президенті Б.Пиккар күн батареяларымен 2015 жылы жер шарын айналып ұшатын алғашқы ұшақты таныстырып өтті. Б.Пиккар аталған оқиға Астандағы көрменің алдында болашағы зор имидждік жоба бола алатынын атап өтіп, «ЭКСПО-2017» көрмесінің елшісі болуға дайын екенін білдірді.

Solarstratos басшысы Р.Домжан ЭКСПО аясында 2017 жылы күн батареяларымен ұшатын ұшақтың стратосфераға алғашқы ұшуын ұйымдастыруды және ұшудың биіктігі бойынша әлемдік рекорд орнатуды ұсынды. Бұдан басқа, компания түссіз болып келетін күн панельдерінің жаңа типін таныстырып өтті.

Аталған кездесулердің барысында Р.Жошыбаев Астанадағы әлемге танымал көрме болашағы зор және «бұзып-жаратын» жобаларды көрсету алаңына айналатынын ерекше атап өтті. «ЭКСПО-2017» комиссары сондай-ақ аталған компаниялардың жобалары олардың «Болашақ энергиясы» тақырыбымен тығыз байланыста және оның көрнекі түрі болғандықтан көрменің шетелде алға жылжуының тиімді құралына айнала алатынын айтты.

Келіссөздердің қорытындылары бойынша тараптар «ЭКСПО-2017» аясында аталған бастамаларды іске асыру бойынша бірлесіп ынтымақтасу мүмкіндігін қарастыруға келісті.

«ЭКСПО-2017» көрмесі Қазақстанда үш ай - 2017 жылғы 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін өтетіні белгілі. Оған баламалы және жаңартылылатын энергия саласындағы 100-ден астам ел, халықаралық ұйымдар және жетекші компаниялар қатысады.

Соңғы жаңалықтар