Швейцария 1,5 миллион тұрғынды вакцинациялауды жоспарлап отыр

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Швейцария Pfizer және BioNTech коронавирус вакцинасын өндіруші компаниялармен 3 млн доза препарат сатып алу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл – Швейцарияның COVID-19 вакциналарын әзірлеушілерімен жасаған үшінші шарты. Бұған дейін америкалық Moderna фармацевтика компаниясының 4,5 млн доза вакцинасын және британиялық-шведтік AstraZeneca фирмасымен тағы 5,3 млн доза сатып алуға шарт жасалған болатын.

Pfizer/BioNTech вакцинасы бір адамға екі дозаны қажет ететінін ескере отырып, алғашқы вакцинация Швейцарияның 1,5 миллион тұрғынын қамтитын болады.

Швейцария үкіметінің пресс-релизінде «Covid-19 вакциналарының сапасы, қауіпсіздігі және тиімділігі өте маңызды» делінген. Оларды Swissmedic мемлекеттік органы мақұлдауы тиіс және оны Федералды денсаулық сақтау басқармасы пайдалануға ұсынуы керек.

Швейцария коронавирус вакциналарын жеткізуді қамтамасыз ету үшін 400 миллион швейцариялық франк (448 миллион АҚШ доллары) бөлді. Дәрі-дәрмектер тегін таратылады, халықтың осал топтары мен медицина қызметкерлеріне басымдық беріледі. Әскер вакциналардың қорын қамтамасыз етуге және таратуға, сондай-ақ вакцинация орталықтарын құруға қатысады.


Соңғы жаңалықтар