Швецияның бірқатар қаласында бірнеше күннен бері тәртіпсіздіктер болып жатыр

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Швецияның бірқатар қаласында, Пасха мерекесі кезінде ультраоңшыл топтың арандатушылық әрекетіне байланысты тәртіпсіздіктер орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Швецияның Линчепинг, Норчепинг, Стокгольм, Эребру, Мальме және Ландскрон қалаларында төртінші күн қатарынан қақтығыстар болып жатыр. Тәртіпсіздік иммигранттарға қарсы «Stram Kurs» («Қатаң курс») партиясын басқаратын ультраоңшыл саясаткер Расмус Палуданның жұма күні мұсылмандардың қасиетті Құран кітабын көпшілік алдында өртеп жіберіп, бұл әрекетін Швецияның басқа қалаларында қайталайтынын айтқан соң басталды.

Швеция полициясының хабарлауынша, «Stram Kurs»-тың 100-ге жуық қарсыласы полиция қызметкерлеріне тас лақтырып, көліктерді, дөңгелектерді және қоқыс жәшіктерін өртеген. Тәртіпсіздіктер кезінде 16 полицей жарақаттанып, 25 адам ұсталды.

Жексенбі күні сағат 23.00-де полиция Мальмё қаласы аудандарының бірінде өткен наразылық шерулерін тағы да таратуға мәжбүр болды. Бірнеше жерден өрт шығып, полиция қызметкерлеріне тас лақтырылып, петардалар мен отшашулар атылды.

«Біз мұны зорлық-зомбылық көрсетілген көтеріліс деп сипаттаймыз», - деді полиция өкілі Патрик Форс.

Осы арада, Швециядағы толқулар халықаралық наразылық тудырды. Жергілікті Expressen газеті Ирак Сыртқы істер министрлігінің оқиғаға байланысты Швецияның Бағдадтағы елшісін шақыртқанын жазды. Ирак болған оқиғаның «ауыр зардаптары болуы мүмкін» екенін мәлімдеді.


Соңғы жаңалықтар