Швеция астанасында Нобель сыйлығы табысталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Швеция королі Карл XVI Густав Стокгольм филармониясында 5 номинация бойынша 11 лауреатқа Нобель сыйлығын табыс етті. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Физиология және медицина бойынша швед биологы Сванте Пэбу лауреат атанды. Ол «жойылып кеткен гоминидтердің геномы мен адам эволюциясы саласындағы жаңалықтары» үшін Нобель сыйлығын иеленді.

Ал физика бағытында француз Ален Аспе, америкалық Джон Клаузер мен австриялық Антон Цайлингердің жаңалығы үздік деп танылды. Олар «шырмалған фотондармен жүргізілген тәжірибелер, Белл теңсіздігінің бұзылуын дәлелдеу және кванттық ақпарат теориясындағы озық зерттеулер» үшін Нобель сыйлығының лауреаты атанды.

Химия бойынша аталған сыйлықты «клик-химия және биоортогональды химияны дамытуға бағытталған жұмыстары» үшін америкалық Кэролайн Бертоцци мен Барри Шарплесс және дат ғалымы Мортен Мелдал иеленді.

Сонымен бірге әдебиет бағытындағы Нобель сыйлығын француз жазушысы Энни Эрно алды.

Экономика бойынша АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесінің бұрынғы басшысы Бен Бернанке және қос америкалық Дуглас Даймонд пен Филип Дибвиг лауреат атанды. Оларға сыйлық «банктер мен қаржы дағдарысын зерттеу» жұмысы үшін бұйырды.

Соңғы жаңалықтар