«Шұғыла» ауылының тұрғындары далада қалмайды - А.Есімов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Ахметжан Есімов бүгінгі есеп беру кездесуінде Наурызбай ауданы құрамына енген «Шұғыла» ауылы тұрғындары далада қалмайтынын жеткізді.

«Бұл - белгілі мәселе. Алатау ауданын салған кезде де осындай мәселеге тап болған едік. Әрине, олар алаяқтардың алдауына түсіп қалды. Даданова Мадина деген азаматшаның ісі қазір сотта қаралып жатыр. Ол сомасы 100 млн теңге болатын 10 учаскені сатып жіберген.

Біз сіздердің жағдайларыңызға түсіністікпен қарауға тырысамыз. Әр дерек бойынша жеке қарап жатырмыз. Ешкімді далада қалдырмаймыз. Бірақ, ол жерде қазық қаққанның бәріне емес, қиын жағдайда қалғандарға ғана», - дедіА.Есімов.

Қала басшысы аталған мәселені назарға алуды Наурызбай ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаевқа табыстады. Естеріңізге сала кетейік, Наурызбай ауданына қосылған Шұғыла ауылында жер дауы өршіп тұр. Аймақта бұрын жұмыс істеп келген «ПлемзаводКаменский» кәсіпорны тараған соң, жер учаскелері жұмысшыларға таратылып берілген болатын. Жұмысшылардың барлығы ауылда үй салып, орналасып алған. Олардан бөлек, жер телімдерін алаяқтардың қолынан сатып алған тұрғындар да бар. Қазір аталған ауылда 20 шақты үйді сүру жұмыстары жүріп жатыр. Ауыл тұрғындары бұл мәселені айтып бірнеше рет қала әкімінен араша сұраған болатын.

Соңғы жаңалықтар