ШҰҒЫЛ: Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы А.Мешімбаева Қазақстанға экстрадицияланды

None
None
АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін қазақстандық құқық қорғау органдарының өкілдері Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаеваны Мәскеу қаласынан Астана қаласының әуежайына алып келді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Оны сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ысырап еткені (ҚР ҚК 176-бабының 3-бөлігінің «б», «г» тармақтары), сондай-ақ қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұратуы бойынша Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы берді.

«А.Мешімбаеваны беру Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер жөніндегі құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы Конвенция шеңберінде жүргізілді.

Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы құқықтық көмек көрсету және іздестіруде жүрген тұлғаларды экстрадициялау мәселелеріндегі Қазақстан Бас прокуратурасының негізгі серіктесі болып табылады. Құқық қолдану қызметіндегі қазақстандық-ресейлік қарым-қатынастар тату көршілік, тығыз өзара іс-қимыл және өзара түсіністік қағидаларында жүзеге асырылады. Екі ведомствоның келісілген әрекеттері көптеген мәселелерді тез және тиімді шешуге мүмкіндік береді, бұл қылмыспен күрестегі ортақ мақсаттарға сәйкес келеді», - делінеді хабарламада.

Прокуратура ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта А.Мешімбаева Астана қаласы ІІД уақытша ұстау абақтысына жабылды.

Қылмыстық істі тергеуді Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жүргізетін болады.

Соңғы жаңалықтар