Шұғыл сәттерде қателесуге жол жоқ – ауылдық учаскелік инспектор Бағлан Аманжолов

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық учаскелік полицей Бағлан Аманжолов ішкі істер органы саласында бес жылдан бері қызмет атқарып келеді. Бала кезден тәртіп сақшысы болуды алдына мақсат еткен ол бүгінде өз кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. ҚазАқпарат тілшісі Шиелі ауданына қарасты Еңбекші ауылында қызмет атқаратын учаскелік полицейдің жұмыс кестесіне зер салып көрді.

Бағлан таң атқаннан қызметіне баруға қамданады. Бұл, күндегі дағдысына айналған. Таңғы асын ішкеннен кейін қызмет орнына бет алады. Үйден шығар алдында тәтті ұйқы құшағында жатқан ұлының маңдайынан иіскейді. Ал жұбайы бүгінгі жұмысына сәттілік тілеп, шығарып салады.

Еңбекші ауылы Қаратау қойнауында қоныстанған. Елдегілер төрт түлік өсіреді. Таңғы қарбалас тіршілік жергілікті халықтың күнделікті өмір ауанына айналған. Көшеге шыққан сәтте Бағлан олармен амандық-саулық сұрасады. Жас та болса ол ауылдағы тұрғындармен етене жұмыс жасауға дағдыланған. Үлкендердің ақыл-кеңесіне құлақ асуға тырысады. Бұл қоғамдық тыныштықты сақтауға үлкен әсерін тигізеді. Ауыл қариялары тәртіп бұзған тентектерін талқыға салып, тыйып ұстауға көңіл бөледі.


«Мен полиция қызметінің қиындығы мен қызығы қатар жүретінін бала кезімнен білемін. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінген емеспін. Елдің тыныштығы мен амандығын қалтқысыз қорғау - біздің азаматтық борышымыз. Мектеп қабырғасында жүргенде полиция қызметкері болуды алдыма мақсат етіп қойдым. Олардың қызметіне қызыға қарайтын едім. 2011 жылы мектеп бітіріп, Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының тыңдаушысы болып қабылдандым. 2015 жылы құқық қорғау қызметінде жоғарғы білім алып шықтым. Оған қоса лейтенант шенін алдым. Көп ұзамай Шиелі аудандық ішкі істер бөліміне учаскелік полиция инспекторы қызметіне келдім. Маған бұл салада ұзақ жыл еңбек еткен аға буын әріптестерім ерекше қолдау көрсетті. Сол арқылы қызметімде мол тәжірибе жинақтадым», - деді Бағлан тілшімен әңгімесінде.


Ол полиция қызметкерінің бойынан қырағылық пен табандылық, сыпайылық, төзімділік, қарапайымдылық, шапшаңдық сынды жақсы қасиеттердің барлығы табылу керек деп санайды. Қандайда бір жағдайда жедел әрекет жасап, тиісті шешім қабылдау қажет. Бұл сәтте қателесуге ешбір жол жоқ.

«Өзім қарапайым отбасында, ауылда ата-әженің, ата-ананың тәрбиесін көріп өстім. Сондықтан мен үшін қазір өзім қызмет атқарып жүрген ауыл тұрғындарымен етене араласу қиынға соққан жоқ. Олармен де жақсы араласып тұрамын. Бұрыннан таныс адамдар секілдіміз. Үлкен-кішімен тығыз байланыстамын. Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген даналықты айтып кеткен. Бұл сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Әдетте, адамның өмірінде қиындық пен қуаныш қатар жүреді емес пе? Көмек сұрап келген азаматқа барынша жедел қызмет көрсетуге көңіл бөлемін. Оларға қол ұшын беріп көмектесіп, алғысын алып жатамыз. Бұл - біз үшін үлкен абырой», - деді ол.

Бағлан 2018 жылы отбасын құрды. Былтыр аудандағы Еңбекші ауылдық округінде мемлекеттік қолдау бойынша жаңадан салынған учаскелік полиция инспекторына арналған қызметтік үй мен тірек пукті пайдалануға берілген болатын. 2019 жылы басшылық тарапынан Бағланға сол ауылдық округте қызмет атқаруға ұсыныс түскен.

«Осылайша Еңбекші ауылындағы қызметтік жолым басталды. Жаңа үй мен учаскелік пункт бір ғимаратта орналасқан екен. Мұнда жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған. 2019 жылдың қыркүйек айында ұлым дүниеге келді. Осылайша жаңа үй табалдырығын қуанышта аттадық», - деді Бағлан.


Ауылдық жерде мал ұрлығы қылмысы болып жатады. Қылмыстың алдын алу – учаскелік полиция инспекторының басты міндеті Алайда елді мекендерде малды кезектесіп бағу ісіне мән берілмей жатады.

«Жайылымдық жерде қараусыз жүрген мал ұрының басты назарына ілігеді. Жеңіл олжаға дәніккен мал ұрысы келесі жолы сол қылмысты қайталап жасауы әбден мүмкін. Осы орайда жергілікті тұрғындармен малды қараусыз қалдырмау мақсатында түсінік жұмыстарын жүргіземін. Осы орайда мал иелеріне қатысты GPS құрылғысын орнату, сырғалау, таңбалау жағдайына назар аударамын. Бұл өз жемісін беріп отыр», - деді Бағлан өз ойын білдіріп.

Өзінің қызметтік жолында жемісті еңбек етіп жүрген учаскелік полиция қызметкері Бағлан Аманжолов осылайша уақытпен санаспай жұмыс жасап келеді. Себебі, тәртіп сақшысы қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жолында өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды.


Соңғы жаңалықтар