ШҰҒЫЛ: Байқоңырдағы «Протонның» құлауы заңнамалық тұрғыда апатқа жатпайды - Т. Мұсабаев

None
None
АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін «Байқоңыр айлағынан құлаған «Протон» зымыранын заңнамалық тұрғыда апатқа жатқыза алмаймыз.

Бұл туралы Үкіметте Премьер-Министр Серік Ахметовтің жетекшілігімен өткен шұғыл отырыста Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев мәлім етті.

Агенттік басшысының түсіндіруінше, Қазақстан мен Ресей арасында жасалған келісімге орай, зымыран апаттары ретінде олардың Ресей Федерациясының жалға алған аумағынан тысқары жерлерге құлаған зымырандар саналады. «Ал бүгінгі жағдайда зымыран ұшырылған алаңның маңына құлады, заңнамалық тұрғыдан қарасақ, апат болған жоқ», деді Т. Мұсабаев.

Оның айтуынша, зымыран құлай салысымен гептил отыны жанған. «Мұндай жағдайда гептил отыны түгел жанып кетеді де, оксид азот түзіледі. Жарылыстан соң пайда болған түтін үш бағытқа бөлініп, оның бірі Қармақшы, екіншісі Қазалы, үшіншісі Байқоңырға бағыт алған. Ал бұл уақыттағы жаңбыр түтіннің біразының жойылуына септігін тигізді, осы жағынан алғанда жұртшылыққа қауіп деңгейі азайды деуге болады», дейді Т. Мұсабаев.

Еске салайық, ДМ-03 үдеткіш блогы және «Глонасс-М» үш ресейлік навигациялық ғарыш аппараты бар «Протон-М» зымыран-тасығышының бүгін Астана уақыты бойынша сағат 08.38-де «Байқоңыр» ғарыш айлағының №81 алаңынан жасалған ұшырылымы апатпен аяқталған болатын. ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінде растағандай, «Протон-М» зымыран-тасығышы ұшырылымнан кейін 10 секундтан соң жерге құлап, жарылды. Аталмыш ұшырылымның мақсаты орбитадағы «ГЛОНАСС» ресейлік тобын толықтыру болды.

Соңғы жаңалықтар