Шу тұрғынынан жарты тоннадан астам есірткі табылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында Шу ауданының тұрғынынан салмағы шамамен жеті миллион дозаны құрайтын есірткі заты тәркіленді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарасор-2021» Республикалық жедел-іздестіру іс-шаралары аясында Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Шу ауданының балық аулау алды аймағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 47 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.

Күдіктіні тінту барысында одан жалпы салмағы 598 келі 780 грамм «марихуана» есірткі заты табылып, тәркіленді. Тәркіленген заттың салмағы жеті миллион дозаға жуық. Қара нарықта есірткінің мұндай мөлшерінің құны шамамен 60 миллион теңгені құрайды.

«ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталған қылмыс үшін мүлкін тәркілей отырып, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған», – деді Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқарма бастығы Асқар Жұмабеков.

Ұсталған ер адам кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Соңғы жаңалықтар