Шу қаласында 3 жасар қызды зорлаған күдіктінің ісі сотқа жетті

None
None
ШУ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Шу қаласында 3 жасар қызды зорлаған 25 жастағы тұрғынға қатысты екі томнан тұратын іс материалдары сотқа жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

«2 қазан күні Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Шу ауданы Абай ауылында туып-өскен Дастан Әбдікерімовке қатысты ҚР ҚК 120-бабы 4-бөлігімен қылмыстық іс келіп түсті. Күдікті жәбірленушінің дәрменсіз жағдайын пайдаланып, зорлады деп айыпталуда» делінген хабарламада.

Айта кетейік, 18 маусымда Шу қаласында жантүршігерлік жағдай болған еді. Көршілердің айтуынша, аулада ойнап жүрген бүлдіршінді күдікті үйіне кіргізіп, ойына келгенін істеген. Оның жанұшыра шыққан дауысын естіген куәгерлер көмек шақырыпты. Сол сәтте бүлдіршіннің әкесі бір топ адаммен келіп, баспананың есігін бұзып, ішке енген. Алайда күдікті терезеден қарғып, қашып кеткен. Бірақ алысқа ұзамай-ақ қолға түскен оны тұрғындар полиция келгенше бағанаға байлап ұстаған.

Кейінірек күдікті Тараздағы тергеу изоляторына жіберілді. Тергеу ісін Жамбыл облысы полиция департаменті басшысы мен прокурор бақылауына алған.

Соңғы жаңалықтар