Шу ауданында жаңа музей пайдалануға берілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында Шу ауданында жаңа тарихи-өлкетану музей ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Музейдің ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі Жарылқасын Айтақов, «Парасат», «Құрмет» орденінің иегері күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманұлы музейдің маңыздылығына тоқталып, жаңа мәдени нысанның ашылуымен құттықтады. Жас буынға тәрбие беретін ордаға айналуына тілек білдірді.

«Алдыңғы уақыттарда біздерде музей болған. Тілсіз жаудың салдарынан құнды жәдігерлердің біразын жоғалтып алдық. Енді осы жаңа музей халықтың игілігіне жарасын. Музейдің жәдігерлерін жинауға ат салысайық. Тарихи құжаттарды ардагерлерден жинақтап жатырмыз. Осы ардагерлер музейдің толығуына атсалысатын болады», – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманұлы.

Аталған ғимарат «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бөлінген қаражатқа сатып алынып, күрделі жөндеуден өткен. Аталған музей археология, этнография, тарихи кезеңдер, Шу өңірінің тарихы және Тәуелсіз Қазақстан сынды 5 бөлімнен тұрады. Жалпы мұнда 4 275 жәдігер жинақталған.

Салтанатты шараға жиналған ауыл ақсақалдары, мәдениет қызметкерлері, ұстаздар мен жастар мұражай ішін аралап, экспонаттармен танысты.




Соңғы жаңалықтар