Шортанды кентінде газ баллоны жарылып, 3 адам мерт болды, тағы он адам ауруханаға түсті
2021 жылғы 17 қараша 09:21

Шортанды кентінде газ баллоны жарылып, 3 адам мерт болды, тағы он адам ауруханаға түсті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Шортанды кентінде газ баллоны жарылып, 3 адам көз жұмды, тағы он адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқыс оқиға түнгі сағат 22:00 шамасында Шортанды кентінде Линейная көшесі 28 мекен-жайы бойынша орналасқан үш пәтерлі тұрғын үйде болды. Газ баллонының жарылуы салдарынан 3 пәтерлі жеке үй өртеніп, оның бір бөлігі құлады.

Қазіргі мәлімет бойынша, үйіндінің астынан үш адамның денесі табылды, оның біреуі кәмелеттік жасқа толмаған бала. Сонымен бірге, түрлі деңгейдегі дене күйігімен 10 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде балалар бар. Кейбір зардап шеккендердің жағдайы ауыр.

ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлидің мәлімдеуінше, Шортанды кентінің №18 байланыс пунктіне полиция бөлімінің кезекшісінен газ баллонның жарылғандығы туралы хабарлама кеше сағат 21:38-де келіп түскен.

Өртті сөндіруге ТЖД-ның 35 қызметкері мен 7 техникасы, «Жер Ана» ЖШС МЕӨҚҚ-ның 4 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылған.

«Барақ үлгісіндегі пәтерде өрт шығып, шатырын толықтай жалын шарпыған. Өрттің аумағы шамамен 350 шаршы метрді шарпыған. Өрт сағат 22:35-те ауыздықталып, сағат 23:55-те толық сөндірілді. Оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін Ақмола облыстық тергеу-жедел тобы және зерттеу-өрт зертханасы жұмыс істеуде», делінген хабарламада.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнына жергілікті 80-ге жуық тұрғын көмекке келген.

Сонымен қатар, Шортанды аудандық ауруханасына Нұр-Сұлтан қаласындағы көпбейінді облыстық ауруханадан реаниматологтар мен хирургтар келді, сондай-ақ Көкшетау қаласынан балалар реаниматологтары мен хирургтары құрамы бар санавиацияның келуі күтілуде. Оқиға орнына шұғыл түрде Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов шықты.

«Қазіргі уақытта зардап шеккен 11 адам, оның ішінде бес ересек адам және алты бала бар. Зардап шеккен он адам ауруханаға жатқызылды. Жағдай өте күрделі. Қазірдің өзінде санитарлық авиация бойынша хирургтер, соның ішінде балалар хирургтары жіберілді. Қаза болғандардың саны артуы мүмкін», - деп түсіндірді аймақтың бас дәрігері.



Jańalyqtar

MURAǴAT