Шорт-трек: әлем чемпионатына баратын Қазақстан құрамасы анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 8-10 наурызда София қаласында шорт-тректен өтетін әлем чемпионатына баратын Қазақстан құрамасы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел құрамасының бас бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбековтің айтуынша, әлем кубогы кезеңдерінің қорытындысы бойынша қазақстандықтар төрт лицензияға ие болды.

Атап айтқанда, көпсайыстан 1500, 500 және 1000 метр қашықтықта ерлерден Нұрберген Жұмағазиев пен Әділ Ғалиахметов жарыс жолына шығады. Әйелдерден осы сында Әлия Ким мен Анастасия Крестованың қайсысы жақсы дайын болса, соған мүмкіндік беріледі.
Сонымен қатар құрамында Әлия Ким, Анастасия Крестова, Ольга Тихонова және Әсел Тайшыманова бар төрттік 3 мың метрлік эстафетада бақ сынайды.

«17 ақпаннан Мәскеуде оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Содан кейін 3 наурызда Софияға аттанамыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне М.Қарсыбеков.

Еске сала кетейік, Мәдіғали Қарсыбеков Оралда жабық мұз айдыны ашылғаннан кейін 2002 жылы осында келіп, болашағынан үміт күттіретін шорттрекшілерді іріктеп, дайындаған болатын. Соның нәтижесінде Қазақстаннан алғаш рет Олимпиадаға қатысқан Айдар Бекжанов, әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы атанған Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев сынды танымал спортшылар тәрбиеленді. Енді олардың орнын Әділ Ғалиахметов, Нұртілек Қажығали сынды жастар басып келеді.

М.Қарсыбеков 2011 жылы Астанаға көшкеннен кейін оның ісін Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Максим Лозовой бастаған мамандар жалғастыруда.

Соңғы жаңалықтар