Шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған орындар электронды картада көрсетіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов елдегі шомылу маусымына дайындық жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда елімізде шомылуға рұқсат берілген 469 орын бар, оның ішінде 118 коммуналдық және 275 жеке жағажай белгіленген. Шомылу маусымы 1 маусымда ресми басталады.

«Қазақстанда 50 мыңнан астам су айдыны бар, ТЖМ құтқару бөлімшелері адам көп жиналатын су айдындарының 125 учаскесін бақылайды, онда күн сайын 493 құтқарушы күнделікті қызмет атқарады.Биыл су акваторияларын қамтуды ұлғайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қауіпті және күзетілмейтін су айдындарында қосымша 48 көшпелі құтқару бекеті қойылады», - деді Бауыржан Сыздықов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Одан бөлек, әкімдіктер және су маңындағы демалыс орындарының иелері бірлесіп, ТЖМ жедел-құтқару жасақтарында даярлықтан өткен 250 құтқарушыны тарта отырып, 108 нысандық құтқару бекетін құрды. Суда зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету үшін өңірлерде 97 медициналық пункт дайындалды.

«Қалалық жағажайларда суға түсуге арналған қауіпсіз балалар жағажайы жабдықталатын орын ашылады, ол жерде біздің құтқарушылар балаларды жүзуге үйретеді.

Су айдындарында қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін 2,5 мыңнан астам ескерту белгісі орнатылған, халық арасында 70 мыңнан астам үгіт-насихат таратылған. Еліміздің барлық өңірлеріндегі шомылуға тыйым салынған және рұқсат етілген орындарды 2GIS картографиялық платформасына орналастыру үшін авиациялық және теміржол көлігінің мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері пысықталуда», - дейді Б. Сыздықов.


Соңғы жаңалықтар