Шомылу маусымы басталмастан 10 баланың ажалы судан болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде шомылу маусымы басталмастан 10 бала суға кетіп ажал құшты. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өкінішке орай, суға түсу маусымы енді басталысымен су қоймаларында адамдардың қаза табуын байқап отырмыз. Бұл тек суға шомылуға ғана қатысты емес. Балық аулау, адамдардың абайсыздығы мен ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруына байланысты қайғылы жайттар тіркелген. Қазіргі уақытта елімізде 28 адам қаза тапса, оның 11-і бала. Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырар болсақ, ол уақытта 44 адам, оның ішінде 25 бала қаза тапқан еді», - деді ол.
Оның атап өтуінше, еліміздің су қоймаларында 1 мыңнан астам адам тәулік бойы мониторинг жүргізіп, ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын өткізуде.
«Соңғы республикалық ата-аналар жиналысында жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіру үшін тақырыптың брифинг өткізіп, ата-аналардың назарын балаларды үнемі тыңғылықты қадағалау, оларды қараусыз қалдырмау қажеттігіне аудардық. 2-4 жастағы балалар қараусыз қалып, тіпті жеке үй иеліктерінің аумағында қаза болып жатады», - деді вице-министр.
Вице-министрдің айтуынша, құтқарушылар демалыс және суға түсу орындарын бақылауды күшейтуде. Дегенмен, еліміздегі барлық су қоймаларын құтқарушылармен қамту мүмкін емес.
«Әрине, су қоймаларының барлығын қамти алмаймыз және суға түсуге шектеу де қоя алмаймыз. Сондықтан су қоймаларында адамдардың, ең алдымен балалардың өлім-жітіміне жол бермеу мақсатында суға шомылу маусымы кезеңінде азаматтарды барынша сақ болуға шақырамыз», - деді Юрий Ильин.

Соңғы жаңалықтар