Шомылу маусымы басталғалы 33 адам құтқарылды - СҚО

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да шомылу маусымы басталғалы бері 33 адам суға батып кетуден құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құтқарушылар өткен жексенбіде қайғылы оқиғаның алдын алды. Петропавлда Пестрое көлінің жағажайында 52 жастағы әйел судағы белгіден асып кетіп, қайта жүзіп келуге шамасы жетпеген. Осы күні кезекшілік еткен құтқарушылар Алмас Жакин мен Сергей Ящук зардап шегушіге деп кезінде көмек көрсетіп, оны жағаға алып шыққан.

Әйел шомылу маусымы басталғалы бері құтқарылған 33-інші адам болып шықты. Айта кетер жайт, олардың басым бөлігі - балалар.

Солтүстік Қазақстан облыстық ТЖД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, жексенбі күні өңірдегі түрлі су айдындарында екі адам суға ағып кеткен.

Тимирязов ауданындағы Тимирязов ауылына жақын маңдағы Алпаш көлінде шомылуға арналмаған жерде 56 жастағы ер адам суға батып кеткен. Екінші қайғылы жағдай Жамбыл ауданында, Преснодуть ауылына жақын жерде орын алған. 60 жастағы ер адам жасанды қазаншұңқырда шомылып жатып, батып кетті.

«СҚО-да жыл басынан бері су айдындарында 9 адам суға ағып кетті. Олардың басым бөлігі мас күйінде, қауіпті жерлерде шомылған», - деді баспасөз қызметі.

 

Соңғы жаңалықтар