ШОЛУ. Қазақстандағы жастар саясаты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде жастар саясаты тәуелсіз Қазақстан елінің басты басымды­қтарының бірі болып табылады. Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жете алады. Жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болады. Сондықтан да елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуда. Елімізде жастар саясаты қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндап өтейік.

 

***

 

Жастарды жұмыспен қамту мәселесі

Мемлекетіміздің қазіргі жетістіктері Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан саясатының нәтижесі екені белгілі. Себебі, елімізде қазіргі таңда әр жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты тетіктер жасақталғандығы белгілі. Мәселен, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан, мемлекет жастар мен жас отбасылардың экономикалық ахуалын жақсарту мен табыс деңгейін көтеру, ұзақ мерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын жайы мен үй шаруашылығын толыққанды жабдықтау үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдай жасаудың барлық шараларын қолдануда. Мысалы, студенттерге жол ақысының жеңілдігінің қолданылуы, еліміздегі жас азаматтар мен жас отбасыларды жеңілдікті ипотекалық несиелеу, жас мамандарды жұмыспен қамтудағы жеңілдіктер, ауыл жастарына берілетін көпсалалы квота, ауылға барған жастарға көтерме көмектер, жетім балаларға және мүгедек жандарға көсетілетін көмек түрлерін атап өтуге болады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайды. Президент жыл сайынғы жолдауларында жастар саясатын жетілдіру бойынша бірнеше іргелі тапсырмалар беріп жүргені белгілі. Жастар саясатын жүзеге асыру елді жаңашылдыққа,интеллектуалды бәсекелестікке жетелейді.Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Кез келген ел өз келешегін болашақ ұрпағымен байланыстырады», - деген болатын. Сондықтан жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі елімізде басты назардағы мәселе екені белгілі. Осы проблеманы жою үшін елімізде «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», т.б. бағдарламалар қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге  асырылып жатыр.  Осы бағдарламалар аясында республика аймақтарында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын назарларыңызға ұсына кетейік.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кәсіпкерлік мектебінде «Өркен старт-ап» жастар жобасының екінші оқу кезеңі өтті. Аталған жобаның негізгі мақсаты облыс жастарының бойында кәсіпкерлікке деген құштарлығын арттыру және бизнес саласын жастар арасында белсенді насихаттау болып табылады. «Өркен старт-ап» жобасының қатысушысы болуға ОҚО тұрғындары 16-дан 29 дейінгі жас аралығындағы азаматтарға мүмкіндік берілген. «Басты шарт - жасампаздыққа және жеке бизнесін дамытуға даяр болу», - дейді жоба үйлестірушісі Г.Вероцкая. Болашақ бизнесмендердің даңғыл жолына бастама болатын жобаға ең белсенді 17 адам алғашқы қатысушы атанды.       

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов хабарлағандай, Қазақстандағы жұмыспен қамту нысанына студенттер мен оқушылар да қатыса алады. Ол бұл туралы Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында осылай мәлімдеген болатын.

«Жұмыспен қамту барысында оған қатысатын адамдардың ауқымын кеңейтуді қарастырып отырмыз. Мәселен, қазіргі қолданыстағы заңда нысаналы топқа 13 санаттағы азаматтар жатқызылған болатын. Енді жаңа заң жобасына сәйкес, біз олардың ауқымын кеңейтеміз. Атап айтқанда, бүгінгі күні кәсіби оқытуға немесе қоғамдық жұмыстарға тек қана жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар жіберіліп келді. Ал жаңа заң жобасына сәйкес, бұндай оқыту мен қоғамдық жұмыстарға уақытша жұмыстан босатылғандар мен мәжбүрлі ақысыз демалысқа шыққан азаматтар да қатыса алады», - дейді Б. Нұрымбетов. Вице-министрдің айтуынша, жұмыспен қамту нысанына студенттер мен мектептің жоғары сынып оқушылары да жазғы демалыста тартылып, олар қоғамдық жұмыстарға қатысатын болады. «Бұдан бөлек, оралмандарға жұмыспен қамтудың өңірлік квоталары берілетіні белгілі. Осыған қоса, біз әлеуметтік қолдауды, көші-қонға қатысты шығындарды өтеуді заңда жазып отырмыз. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту жол картасында» шағын несиелер қарастырылған болатын. Бұл норма бұған дейін бұйрықтар деңгейінде реттеліп келсе, енді ондай норма заңнамада жазылады», - деді ол.   

 Ал «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ отандық мамандарды жұмысқа тарту кезінде «Болашақ» қауымдастығымен және «Қазальянс» ұйымымен тікелей байланыс орнатты. Айта кетейік, Қордың жаңа ұйымдастыру құрылымына өту үрдісі 2016 жылдың басында басталды және бірінші жарты жылдыққа дейін жалғасады.Қордың басқарма мүшесі - Адам ресурстарын басқару жөніндегі басқараушы директор Ұлан Тәжібаевтың сөзіне қарағанда, Қордағы басшылық қызметке үміткерлерді іріктеу үш бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, осы орайда компаниялар тобының өз ішінен, Қазақстан нарығынан және шетелден талантты әрі білікті қызметкерлерді іздестіру қамтылған. Бұл тұрғыда шетел мамандарын жұмысқа тартудағы міндетті талап олардың қазақстандық әріптестерімен тәжірибесімен және білімімен бөлісуге байланысты болып отыр. «Самұрық-Қазына» өкілдерінің хабарлауынша, Қор тобындағы жұмысқа орналасу үдерісінің ашықтығының арқасында бос орындарға қатысу көрсеткіші де барынша жақсарды. Мәселен, 2015 жылы жария етілген 19 бос орынға 982 үміткер тіркелсе, солардың арасында 221-і тестілеуге қатысты. 104 үміткер кәсіби біліктілігін анықтау тестісінен сүрінбей өтсе, 65 адам тілдерді меңгеру тестісінен, 62-сі қабілеттілік тестісінен жақсы нәтиже көрсетті. 42 үміткер алқалық талқылауға жіберіліп, 19 адам Қорға қызметке қабылданды.

Сонымен бірге елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі қолға алынған. Оған жергілікті жердің кәсіпорындары да ат салысуда. Мысалы үшін айтар болсақ,  Атырау кәсіпорындары жоғары оқу орындарын бітіретін жалғызілікті түлектерді жұмысқа орналастыруға ынта танытқан. Атырауда төрт жылдан бері «Сәтті қадам» жобасымен жоғары оқу орындарының түлектерін ірі кәсіп­­­орындарға әуелі іс-тәжірибеден өткізу жобасы қолға алынып келеді. Мәселен, «Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының төрағасы Асқар Бопылдықовтың айтуынша, өткен жылы осындай жо­баға 60 түлек қатысқан. Үш айлық іс-тәжірибеден өтуге тартылған олар­дың дені өз бетімен жұмыс тапса, 2 түлек қана жоба бойынша тұрақты жұмысқа тартылыпты. Енді биыл бұл жобаға ата-ана қамқорлығынсыз қалған түлектерді тарту көзделіп отыр. Осыған орай «Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалы мен үш ірі кәсіп­орын - Атырау мұнай өңдеу зауыты, Атырау темір-жол бөлімшесі және «ҚазТранГаз» компаниясының өңірлік филиалы арасында мемо­рандумға қол қойылды. Түлектердің іс-тәжірибеден өтуіне ынта танытып отырған кәсіпорынның бірі - Аты­рау мұнай өңдеу зауыты бұған дейін де студенттерге қолдау көрсететіндердің қатарынан сана­лады. Былтыр бұл кәсіпорын 340 студентті тәжірибеден өткізіпті. Атал­ған кәсіпорынның персоналдармен жұмыс және еңбекақы төлеу басқармасының бөлім басшысы Әсел Жайлашованың айтуына қарағанда, мұнай өңдеу зауытына химиялық технологиялар мен органикалық заттар және машина құрастыру мамандықтарын меңгерген түлектер көбірек қажет етіледі. Кәсіпорын елімізде осындай мамандықтарды дайындайтын бірнеше жоғары оқу орындарымен келісімге сай студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне қол­дауын көрсетіп келеді. «Біз осы жоба арқылы жоғары оқу орнын бітірген түлектердің ірі кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, келешекте жұмысқа тұруына атсалысуды көздедік. Бұрын түлек­тердің ынта танытушыларын жобаға тартқан болсақ, биыл ата-ана қам­қорлығынсыз қалған түлектерге басымдық беріп отырмыз. Бүгін кәсіп­орын ынта танытып, бізбен келісімге қол қойды. Енді осы айдың соңына дейін тағы да 20-ға жуық ірі кәсіпорындармен келісімге қол қою жоспарланып отыр. Олардың арасында ірі мұнай компаниялары, мемлекеттік мекемелер бар», - деді «Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының төрағасы Асқар Бопылдықов.

Енді еліміздің әр облыстарыда жастарды жұмыспен қамту бойынша жасалып жатқан шараларға көз жүгіртіп өтейік. 

 

Солтүстік өңірде биыл медициналық ЖОО-лардан 60-тан астам түлекті қызметке тарту жүргізілмек. Бұл туралы СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдрахман Сақтағанов айтты.  «2016 жылы Астана, Қарағанды, Семей қалаларындағы медициналық оқу орындарын бітіруші түлектермен 61 келісімшарт жасаспақпыз. Сонымен қатар, облыстық медициналық мекемелердің бюджеттен тыс қаражатына 24 студент білім алып жатыр. Олар 2016-2020 жылдары келеді деген жоспар бар», - деді Сақтағанов. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста туберкулезге шалдыққандар саны 6,7 пайызға, сәби өлімі 14% төмендеген. Ана өлімі тіркелмеді. Бұрынғыдай өңірде негізінен қан айналымы жүйесі, неврологиялық, бүйрек-бауыр, тыныс алу жолдары, онкологиялық аурулар көп кездеседі. Биыл СҚО-да жеңілдетілген дәрі-дәрмекке 1 млрд теңгеден астам қаражат бағытталмақ. Бүгін мұндай дәрілерге 160 мың солтүстікқазақстандық мұқтаж. 2016 жылы аймақтың денсаулық сақтау саласына 23 млрд теңге бөлмек. Материалдық-техникалық базаны жақсартуға шамамен 400 млн теңге жұмсалады. 

Батыс Қазақстан облысында 150 мыңға жуық жастар тұрады, бұл - өңір халқының 24,7 пайызы. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Азамат Айтуев мәлім етті. Оның айтуынша, соның ішінде жастардың тең жартысына жуығы Орал қаласын мекендейді. Өңірдегі 9 ЖОО-да 22 мыңнан астам, 38 техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде 20 мыңнан астам жастар білім алуда. «Мәңгілік ел жастары индустрияға!» әлеуметтік жобасына сәйкес 960 студент оқып жүр. Облыста 88 жастар ұйымы болса, соның 63-і Оралда, қалған 25-і аудандарда. Сондай-ақ 47 жастар ісі комитеттері де өз қызметтерін атқаруда. Өңірде еш жерде жұмыс жасамайтын және оқымайтын жастар саны 3 пайызды құрайды. Биыл мұны 2,6 пайызға дейін төмендету көзделуде. Бұл - республикадағы төмен көрсеткіш. Облыста мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарды жұмыспен қамту бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Мысалы, 2015 жылы жұмыспен қамту орталықтары арқылы 5583 жас өз орнын тапты. 822 түлек кәсіби білім-білігін жетілдірсе, 2904 жас қоғамдық жұмысқа жолданды. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына сәйкес 818 адам жұмыспен қамтылды. Жалпы, соңғы төрт жылда бағдарламаға 5 мыңнан астам адам қатысып, соның мыңға жуығы жұмысқа орналастырылды. «Дипломмен ауылға» жобасына сәйкес 2015 жылы 448 маман ауылдық жерлерге аттанды. Облыста Астанада 2017 жылы өтетін «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық жұмыстары жүргізілуде. ЖОО-лармен, білім беру мекемелерімен бірлескен кешенді шаралар нәтижесінде облыстан 107 ерікті іріктеліп, «Астана EXPO» Ұлттық компаниясы» АҚ-на жолданды. Биыл ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай көптеген шаралар жоспарлануда. Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Кенесары Нұршиновтің сөзіне қарағанда, Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «100 нақты көмек» жобасы жүзеге асырылуда. Ақпан айынан басталып, жыл бойы жалғасатын жоба бойынша NEET жастары (еш жерде оқымайтын және жұмыс жасамайтындар), маргиналды жастар, мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға, кем дегенде, 100 адамға нақты көмек көрсетілетін болады. «БҚО жастар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Ермек Мұхамбетқалиевтің баян еткеніндей, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «25 игі іс» аясында жүзге жуық қайырымдылық және басқа шаралар ұйымдастырылатын болады. 

Ал Оңтүстік Қазақстан облысында 800 мыңға жуық немесе жалпы халықтың үштен бір бөлігін жастар құрайды.  Өткен жылы «Мәңгілік ел жастары - Индустрияға» жобасы аясында Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы жоғары және кәсіптік колледждерде білім алуға 6495 жас өтініш білдірсе, жоғары оқу орындарына бөлінген 5000 гранттың 2580-і, арнаулы орта оқу орындарына бөлінген 1200 гранттың 359-ын Оңтүстік Қазақстан облысының жастары иеленді. Ал «Жасыл ел» бағдарламасы аясында Шымкент қаласындағы 4 мекемемен (ЛТД «Тұрмыс», «Шымкент жасыл қала», «Бәйтерек» ЛБ, «Автоматика») меморандумға қол қойылып, бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. 2015 жылғы жұмыс маусымында 1000 жас жұмыспен қамтамасыз етілді. Студенттердің жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Студенттік құрылыс жасақтарына» құрылыс мамандығында білім алатын 500 студент қамтылып, 12 мердігер компанияларда жұмыстар атқарды. Сонымен қатар, кадрлардың жетіспеушілігі проблемаларын шешу мақсатында, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 734 маманға 101,8 млн. теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы ұсынылды. Оның ішінде: 198-денсаулық сақтау, 504-білім беру, 3-әлеуметтік қамсыздандыру, 2-мәдениет, 11-спорт және 16-ветеринария мамандары. Сондай-ақ, әлеуметтік және агроөнеркәсіп кешені саласы мамандарына тұрғын үй сатып алу, немесе салу үшін жеңілдетілген бюджеттік несие түрінде 893,7 млн. теңге бағытталып, нәтижесінде, 303 маман баспаналы болды.

 

 

 

 

Осындай жасалып жатқан шаралар нәтижесінде 2012 жылдан бері алғаш рет Қазақстанда жастар жұмыссыздығының деңгейі төмендеді. Бұл туралы Астанада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен өткен кәсіптік-техникалық білім беру мәселесіне арналған кеңесте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеген болатын. «Бүгінде біз еңбек нарығы аясында түрлі болжамдар мен талдаулар жүргізудеміз. Бұл тұрғыда болашақта еліміздің кәсіпорындары мен ұйымдары кәсіптік-техникалық білімнің кадрларында қажеттілікті сезінетіндігі байқалуда. Мәселен, ағымдағы болжамға сүйенсек, қажеттіліктің 73 пайызға жуығы қайта өңдеу өнеркәсібі саласында, яғни тағам және тоқыма өнеркәсібінде, сондай-ақ құрылыспен ауыл шаруашылығы бағыттарында болмақ», - деп тоқталды вице-министр. Оның сөзіне қарағанда, жыл сайын еңбек нарығына 200 мыңнан астам жастар, мектеп түлектері, орта-арнайы және жоғары білім ұйымдарының түлектері бағыталады. Әрине, мектепті тәмамдаған жастардың көбісі колледждер мен ЖОО-ларға түсетіні түсінікті. «Колледждер мен ЖОО түлектерінің арасында басым бөлігі жұмысқа тұрады. Алайда жыл сайын 70 мыңға жуық жас түлек жұмыссыз қалып, өздеріне лайықты қызмет таба алмайды», - деді Нұрымбетов. Оның айтуынша, дегенмен де бүгінде жалпы алғанда бұл бағыттағы үрдіс оңтайлы көрсеткішті байқатуда. 2012 жылдан бері алғаш рет Қазақстанда жастар жұмыссыздығының деңгейі жалпы жұмыссыздық деңгейінен төмен болып отыр. «Осы төрт жылда жастардың жұмыспен қамтылуы 120 мың адамға өсті. Бұл өз кезегінде өте қарқынды өзгеріп отырған көрсеткіш. Елде жұмыспен қамтылған адамдардың 2,3 миллионын жастар құрап отыр. Елімізде жалпы жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрап отыр, ал бүгінде жастар жұмыссыздығы 4,5 пайыз деңгейінде», - деді вице-министр.

Жастарды, әсіресе жұмыссыз, табысы аз, мүгедек, осал топтарға жататын санаттағы жастарды қоғам өміріне тарту мақсатында елімізде бірқатар заңдар қабылданып жатыр. Сондай заңның бірі «Қазақстан Республикасы мен энергия тиімділігін арттыру бағдарламаларына және жастар корпусын дамытуға арналған бір донордың Траст қоры әкімшісі ретінде әрекет етуші Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы грант туралы (Жастар корпусын дамыту жобасы) келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары қабылдады.

«Келісімнің бірнеше мақсаттары бар. Біріншіден, жастарды әсіресе, жұмыссыз, табысы аз, мүгедек, осал топтарға жататын санаттағы жастарды қоғам өміріне тарту болып табылады. Екіншіден, қоғамдық пайдалы қызмет дағдыларына оқыту бағдарламалары арқылы олардың өмірлік маңызды дағдыларын дамыту көзделеді. Осыған байланысты Дүниежүзілік банк Жастар корпусын дамыту жобасын қаржыландыруға жәрдем көрсету үшін Қазақстанға осы келісімде жазылған немесе айтылған тәртіппен 21,7 млн. доллар мөлшерінде грант бөледі. Грант Траст қорының қаражатынан қаржыландырылады, оны толықтыру үшін Дүниежүзілік Траст қорының донорынан кезеңдер бойынша жарналар алынып отырады», - деді Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов. Оның айтуынша, Жастар корпусын дамыту үш құрамдас бөліктен тұрады. Оның ішінде  бірінші кезеңде 18 және 29 жас аралығындағы жастардың қоғамдық пайдалы қызметті жүзеге асыруға бағытталған жобалары қаржыландырылады. Әр жобаның ұзақтығы алты айға созылады, қаржыландыру саны бес адамға дейін жетеді. Жобаға қатысушылар ай сайын әлеуметтік стипендия алады, ол қазіргі ақшамен 50-100 мың теңгенің арасында болады. Жастар үшін бір апталық қаржылық сауаттылық және жобаны басқару бойынша оқыту өткізіледі. «Тұтастай алғанда, Жастар корпусын дамыту жобасының бірінші бағытын жүзеге асырудың нәтижесінде республика бойынша 1700 жастар жобаларын жүзеге асыру көзделеді. 8,5 мың жас азаматтар бұған тартылады. Сонымен қатар, 100-ге жуық жастар ұйымы осы жұмысқа қатысады», - деді А. Сәрінжіпов. Ал жобаны жүзеге асыру үшін ілкі өңірге жастар көп шоғырланған Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары таңдап алынған.  Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.      

Сонымен бірге Жастар корпусын дамыту аясында ЭКСПО-мен байланысты жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі бар. Талқылау барысында сенатор Икрам Адырбеков елімізде  ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтетінін, оған әлем елдері озық технологияларын әкелетініне назар аударды. Осыған, орай, сенатор айтулы шараға мыңдаған жастар еріктілер ретінде қатыстырылатынын айтып, қаражаттың негізгі бөлігін соған бағыттау туралы сұрақ қойған еді. «Мүмкіндікті пайдаланып, жастарды алдағы шараларға дайындап, оқытып алсақ қайтеді?» деді сенатор. «Жалпы бұл жоба бірнеше кезекте тұрады. Сонымен қатар, жастар өздері әртүрлі жобаларды да ұсына алады. Соның ішінде біз ЭКСПО халықаралық көрмесімен байланысты жобаларды да қаржыландырудың мүмкіндігі болатынын айта кеткім келеді. Ең бастысы, жастар тарапынан ұсыныс болса игі», - деді А. Сәрінжіпов.  Министрдің айтуынша, жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының жастары қамтылмақ. Ал бастапқы кезең оң нәтиже көрсетсе екінші кезеңде бұл жоба басқа да аймақтарды қамтиды. Айта кетерлігі, Жастар корпусын дамыту жобасының бірінші бағытын жүзеге асырудың нәтижесінде республика бойынша 1700 жастар жобаларын жүзеге асыру көзделеді. Бұған 8,5 мың жас азаматтар тартылмақ.

Сонымен бірге шара барысында Жастар корпусын дамытуды Қазақстанның барлық өңірлеріне тарату қажеттігі айтылды. Бұл мәселені сенатор Сәрсенбай Еңсегенов көтерді. Жалпы отырыста Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы грант туралы (Жастар корпусын дамыту жобасы) қабылданған келісім бойынша Дүниежүзілік банк Жастар корпусын дамытуға Қазақстанға 21,7 млн. доллар мөлшерінде грант бөлетінін айтқан болатынбыз. Дегенмен, бұл жоба еліміздің төрт өңірінде ғана атқарылатын пилоттық жоба ретінде қарастырылып отыр.«Яғни, еліміздегі басқа аймақтар осындай өзекті дүниеден тыс қалайын деп отыр. Мен жақында Атырау облысында болып келдім. Өңірдегі тұрғындардың 30 пайызы 14 пен 29 жас арасындағы жастар. Ал гранттың негізгі бағыты әлеуметтік аз қамтылған әлсіз топтарды, жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке тарту. Сондықтан да, бұл еліміздің батыс өңірі үшін де өзекті болар еді», - деді Сәрсенбай Еңсегенов. Оның айтуынша, Атырау облысындағы діни ахуалға байланысты ондай жобалардың өзектілігі арта түседі. «Ақпаратқа сәйкес, мешітке барып жүрген жамағаттың 95 пайызы жастар. Олардың ішінде дәстүрлі дінімізден ауытқып жүрген жастарымыз бар екені де белгілі. Мұндай жағдай Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында да орын алған. Сондықтан да, жобаның екінші кезеңі жоспарланатын болса, оны осы өңірлерге де таратуды ескерсек деп ойлаймын. Тіпті, республиканың барлық аймақтарын қамтысақ игі еді», - деді С. Еңсегенов. 

Жастарды жұмыспен қамту мәселесі «Нұр Отан» партиясының да назарынан тыс қалып отырған жоқ.     

Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның кезектен тыс 17-інші съезінде Мәжіліс депутаттығына жастардың көбірек ұсынылып отырғандығын, сонымен қатар зейнеткерлік жасқа жеткен мемлекеттік қызметшілердің жастарға жол беруі керектігін атап өткен болатын. «Елбасының бұл ұстанымын толық қолдаймын», - дейді Ақжайық ауданы Мерген ауылындағы «Балбөбек» балабақшасының меңгерушісі, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Ақтоты Таниева. Оның айтуынша, әлемдік экономикалық дағдарыстың салдарын еңсеруге атсалысу - өзін Қазақстанның патриотымын деп санайтын әр азаматтың борышы. Қоғам өмірінің барлық саласын жаңғыртудың Ұлт жоспарын табысты жүзеге асыру үшін, ең алдымен, экономикамыз орнықты болуы керек. Ол үшін ел іргесі мықты, бірлігі берік, өзара ынтымағы зор болғанда ғана төккен тер, еткен еңбек нәтижелі болмақ. Сонда ғана  алдыңғы қатарлы отыз елдің қатарына жете аламыз. «Жаңа сайлау - барлық саяси партиялар үшін халыққа көптеген көкейкесті мәселелерді шешудің жолдарын көрсетудің, халық сенімінің сынағынан өтіп, мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде Мәжілістің жаңарған құрамында өзін тиімді дәлелдеудің жаңа мүмкіндігі. Күні бүгін «Нұр Отан» партиясы атынан депутаттыққа үміткерлер тізімімен таныстық. Олардың бәрі де өз саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, елімізді әлемдік аренада танытып жүрген азаматтарымыз. «Жас келсе, іске» демекші, тізімнен танымал жастардың есімін көріп, қуандық. Олардың жастық жігерін, сарқылмас күш-қуатын еліміздің өркендеуіне жұмсайды деген үмітім зор», - деді А.Таниева.


***

Жастар тәрбиесі

  

Қазақ жастары - елдің болашағы. Қай кезде де халқымыз өзінің болашағы - жастар тәрбиесіне кө­ңіл бөліп отырған. Ұлт пен ұлыс­тың аманатын арқалаған жас өскін­ді тәрбиелеудің жолдары мен амал­дары да сан тарау. Солардың ішін­де шешуші рөл атқаратын тәлімі мен тәрбиенің бір түрі - жастарды патриотизм үлгісінде тәрбиелеу ма­ңызды іс саналады.
Қазіргі кезде жастарымыздың арасында Отанды қорғауға деген са­налы көзқарастың болмауы сал­да­рынан әскер қатарында қилы келеңсіздіктер жиі кездесіп қалады. Сондықтан да балабақшадан бас­тап, мектепте, ЖОО-да және өзге де мекемелерде патриоттық тәрбие беруді қолға алудың қажеттігі ай­қын байқалуда. Тәрбиенің бұл түрі жас ұрпақты елін қорғауға, ұлттық әскер сапында адал қызмет атқа­ру­ға, азаматтық қасиеттерге баулиды.
Қазіргі таңда Қазақстан Респуб­ли­касының әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық даму барысында саяси-идео­ло­гиялық, мәдени тұрғыдан жаңаруы­на сай жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру үкіметіміздің жаңа стра­тегиялық бағдарламасының басым бағыт­та­ры­ның бірі болып саналады. Елі­міз­дің географиялық орналасуы мен ұлттық-этникалық ерек­­ше­лігіне орай оқушыларға ха­лық­тық дәстүрге негізделген баба­лар рухына сай тәрбие жүйесін құру қажеттілігі қазақстандық білім саласының маңызды проблема­ла­ры­ның бірінен саналады. Біздің назарымыздан осы мәселе де тыс қалған жоқ.

Елімізде жастар тәрбиесіне қатысты қандай шаралар қолға алынып, қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы да айтып өтейік. Іс-шаралардың басым бөлігі оқу орындарының іргесінде өтіп жатқаны белгілі. Сондай шаралардың бірі ретінде Алматыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Әлемдік және қазақстандық білім-ғылым кеңістігіндегі этнопедагогика мен этнопсихология» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткен болатын.

 «Жаhандану заманында лайықты тәрбиесіз ұлтты, ұрпақты сақтап қалу қиын. Қазақ халқы ежелден-ақ ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Тәрбие құралдарын таба білген. Батырлық та, даналық та осы тәрбиеден бастау алады. Өйткені, тәрбиенің өзі нағыз ұлттық құндылық! Қазақтың тарихы мен мәдениетінде, салт-дәстүрлерінде, ауыз әдебиетінде әлі де болса беті ашылмай жатқан тәрбие құралдары көп. Соларды ашып, зерделеп, қазіргі этнопедагогика, этнопсихология ғылымдарымен ұштастырып, бүгінгі ұрпақтың игілігіне жаратуымыз қажет. Мысалы, қазақтың нақыл сөздері мен мақал-мәтелдері - тұнып тұрған тәрбие құралдары. Халқымыз «Көп сөз көмір, аз сөз алтын» деп бекерге айтпаған. Азда болса, мәнді, мағыналы сөзбен ұрпағын тәрбиелеп, психологиялық ерекшелігін сақтап, бірлігін қорғап, нығайтып, дамытып отырған. Сондықтан, ең дамыған 30 елдің қатарына ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып енсек, болашағымыз баянды бола түседі», - деді шараға қатысқан педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сайра Жиенбаева.    
Сонымен бірге Алматыда осы оқу орнында қазақ этнопедагогикасының әдіснамалық негізін қалаған ғалым Клара Қожахметованың 65 жылдығына арналған «Әлемдік  және қазақстандық білім-ғылым кеңістігіндегі этнопедагогика мен этнопсихология» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысы өтті. Оған Қазақстанның қоғам қайраткері, ғалым Асылы Османова, Ы. Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, сондай-ақ, еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарында қызмет атқаратын педагогика саласының ғалымдары, Ресей және Түркиядан келген педагог-ғалымдар, басқа да магистранттар, докторанттар және студенттер қатысты. «Халықаралық конференцияны ұйымдастырудағы мақсат - «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы аясында еліміздің білім беру жүйесіндегі этнопедагогика, этнопсихология мәселелерінің әлемдік білім-ғылым кеңістігіндегі маңызы және оны дамытудың заманауи мүмкіндіктерін саралау, жүйелеу және пайымдау. Сондай-ақ, ғалымдардың басын қоса отырып, этнопедагогика, этнопсихология ғылымдарының жаңа бағыттарын айқындау. «Біз ұлттық құндылықтарымызды жеткілікті бағаламайынша толыққанды тәуелсіз ел бола алмаймыз. Ал ұлттық құндылықтар - нағыз тәрбие көздері. Оларды дамытып, көркейтуде және тәрбиеге арқау етуде этнопедагогика, этнопсихология ғылымдарының алар орны ерекше. Сондықтан осы саладағы өзекті мәселелерді талқылап, өзара пікір,  тәжірибе алмасып, жаңа бағыттарды айқындауымыз қажет», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қыздар университетінің педагогика және психология факультетінің деканы Сайра Жиенбаева. Айта кетелік, конференция барысында «Этнопедагогикалық зерттеулердің кезеңдері мен даму үрдістері: әдіснамасы, теориясы мен тәжірибесі», «Қазақ ұлттық мектептері құрылуының этнопедагогикалық негіздері», «Мәңгілік ел» ұлттық идеясындағы этникалық тәрбие», «Білім беру жүйесіндегі оқу-тәрбие үдерісін этнопедагогикаландыру» және «Салыстырмалы этнопедагогика: қалыптасуы мен дамуы» атты тақырыптар талқыланады және педагогика ғылымындағы көрнекті ғалым, қазақ этнопедагогикасының әдіснамалық негізін қалаған профессор К. Ж. Қожахметованың ғалымдық, ұстаздық, азаматтық болмысы ашып көрсетіледі.

Сондай-ақ Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде еліміз бойынша тұңғыш рет республикалық «Қазақ қызы» пікірсайыс турнирі өтті.  Оған Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Семей мемлекеттік медициналық университеті, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, АТУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, UIB, Қорқыт ата университеті, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, ҚазҰАУ, Тұран университеті және басқа да жоғары оқу орындарының белсенді студент қыздары қатысты.

«Республика көлемінде ұлдар да қыздар да қатысатын осы тектес турнирлер болып тұрады. Бірақ, тек қыздар ғана қатысқан турнир бірінші рет өткізіліп отыр. Оған барлығы 180-ге жуық жастар қатысты. Ал турнирде жоғары оқу орындарынан келген 30 команда өнер көрсеттті. Командалардың көрсеткен өнерін өздері секілді әр түрлі жоғары оқу орындарынан келген, осындай пікірсайыс турнирлеріне қатысып жүрген тәжірибелі студент жігіттер бағалады. Жалпы, турнирді өткізудегі басты мақсат - қыздарды дұрыс жолға бағыттау және қыздар арасындағы сыйластықты, достықты нығайту», - деді өз сөзінде осы турнирді өткізу идеясының авторы, Қыздар университетінің үшінші курс студенті, «Парасатты нағыз лидерлер одағы»  пікірсайыс клубының президенті Ардақ Әзімхан. Сонымен қатар, ол бұл турнирге тек қыздар қатысатын болғандықтан соған лайықты тақырыптар таңдап алынғандығын жеткізді. «Осы турнирге арналып барлығы сегіз тақырып таңдап алынды. Олардың төртеуі бүгін бірінші күні төрт раундта талқыланды. Қалған төрт сұрақ ертең соңғы күні ұсынылады. Турнир ережесі бойынша әр раундқа бір-бір тақырыптан беріледі. Ал командалар жеребе бойынша жұпқа бөлінеді. Яғни, әрбір екі команда осы тақырып бойынша екі тарап болып пікір сайыстырады. Бұл жерде қыздардың шешендік қабілеті де бағаланады. Олар төрешінің көзін жеткізе білуі тиіс. Ал төреші белгіленген қысқа немесе ұзақ формат, яғни 30 немесе 45 минут ішінде оларды тыдап, бағалап, келесі раундқа өтетін жеңімпаз команданы анықтайды», - деді А. Әзімхан.

 

 

Сондай-ақ Алматыда «Ұлы Дала елі - Ұлттық руханияттың мекені» атты республикалық патриоттық мәдени іс-шара болып өтті. Оған Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, ақын-жазушылар, ауған соғысының ардагерлері, Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.«Бүгінгі жиынның басты мақсаты - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлы Дала Елі туралы айтқан ұлағатты бастамаларына қолдау көрсету, оларды халыққа, әсіресе жастардың санасына жеткізу, түсіндіру. Ұлы Даланың тәжірибесі, құндылықтары арқылы жастарды отансүйгіштікке, ерлікке, батылдыққа тәрбиелеудің жолдарын іздеу. Мына жаhандану заманында ұлттық сәйкестікті сақтау өзекті мәселе болып отыр. Ал оған тосқауыл бола алатын күш - ол Ұлы Дала құндылықтарын жаңғыртып, дамыту. Оларды ұрпағымыздың бойына сіңіру. Ол қандай құндылықтар? Ол ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз, мәдениетіміз, сондай-ақ шыншылдық, әділдік, бауырмалдық, пәктік, ұждандылық секілді асыл қасиеттеріміз. Соларды паш етіп, өзімізге қорған етсек, руханиятымызға жат жүниелер - жемқорлық, жезөкшелік, қызтекелік, маскүнемдік, нашақорлық секілді кеселдерден арыла аламыз. Өйткені, 2500 жылдық тарихы бар Ұлы Далада ондай азғындықтар болмаған. Ұлы Дала елінде шыншылдық, турашылдық, әділдік болған. Ұлы Дала елі «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ», «Ауруын жасырған өледі», «Тура биде туған жоқ» деген секілді қағидалармен өмір сүрген. Сондықтан, Ұлы Дала құндылықтарын ұлағаттау - ұлтымыздың болашағын баянды ете түседі», - деді өз сөзінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ұлы дала қырандары» республикалық әлеуметтік-мәдени қозғалысының тең төрағасы Сәдібек Түгел. Сонымен қатар, ол алдағы уақытта осы тақырыпта еліміздің басқа да өңірлерінде мәдени іс-шаралар, Дөңгелек үстелдер, патриоттық шерулер, жарыстар өтетіндігін айтты.  Айта кетелік, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына, Алматы қаласының 1000 жылдығына, «Ұлы көштің» 25 жылдығына және «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысының 5 жылдығына арналған бүгінгі жиында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, оларды паш ету, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу мәселелері бойынша баяндамалар оқылып, қызу талқыланды. Шара соңында Ұлы Дала елі ұлттық бастамасы аясында Үндеу қабылданды.     
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Қазақстан Республикасының Парламентінде болды. Шара барысында болашақ заңгерлер, саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар жоғары заң шығару органының ғимаратында саяхат жасап, Сенат пен Мәжілістің отырыс залдарында, бірлескен отырыс залында, халықаралық кездесу залында, баспасөз орталығында, кітапханада болды, жұмыс органдарының қызметімен танысты. Шара барысында Сенат пен Мәжіліс аппараттарының қызметкерлері қос палаталы Парламенттің тарихымен таныстырды. Осыдан дәл 20 жыл бұрын 1996 жылғы 30 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің алғашқы отырысын ашқан болатын. Студенттерге түрлі шақырылымдағы депутаттардың қызметі туралы әңгімелеп, шетелдік парламенттік делегациялардың естелік сыйлықтарының көрмесі таныстырылды. Парламентте болған кезде студенттер Сенат депутаты Бірғаным Әйтімовамен кездесіп, Қазақстан парламентаризмінің дамуы туралы лекциясын тыңдады, сондай-ақ заң шығару жұмыстарының ерекшеліктері және кейбір құқықтық актілердің мазмұны туралы қойылған сауалдарға жауап алды.

Сонымен бірге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Студенттер сарайында 28-ші қысқы Универсиада ойындарын ілгерілету мақсатында кең көлемді мәдени іс-шара ұйымдастырылды.  «Енді Ұлттық Универсиада барысында спортшы студент жастарымыз әр түрлі спорт нысандарында өнер көрсетеді ғой. Бір-бірін тіпті көрмейді десе де болады. Сондықтан, Алматыда 2017 жылы болатын 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарын жастар арасында кеңінен насихаттау, ілгерілету мақсатында осы ұлттық Универсиадаға қатысып жатқан жастардың басын қосып, үлкен мәдени шара өткіземіз. Оның үстіне, осы жарыстарда жеңімпаз атанған спортшылар 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадада өнер көрсететін ұлттық құрама сапына енуге жолдама алады. Ал мәдени іс-шара барысында жастар бір-бірімен қауышып, танысып, білісіп, өзара байланыс орнатады. Сондай-ақ, осы шара аясында үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Оған Қазақстанның эстрада жұлдыздары қатысып, патриоттық рухта әндер шырқайды», - деді ҚР БҒМ Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Меркіжан Қошаев.

  

Ағымдағы жылы жоба аясында «Жас Отан» ЖҚ жастар ұйымдарымен 2016 жылға арналған бірлескен жоспарға қол қойылды. Бұл белсенді жастарды қоғамдық өмірге белсене араласуына ықпал жасауға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында «Жастар - Отанға!» жобасының басталуына арналған брифингте «Жас Отан» ЖҚ хатшылығының басшысы Аян Сакошев мәлім етті. «Жастар - Отанға!» жобасының негізгі мақсаты - жастар арасында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, сонымен қатар рухани-адамгершілік құндылықтарды түсіндіру және біріктіруге күш салу. Жоба шеңберінде облыс орталықтарында және Алматы мен Астана қалаларында базар маңдарынан «Кеңес орталықтары» ашылған. Олар жастарды, әсіресе жұмыссыз жүрген жастарды мемлекеттік тарапынан жасалып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, сонымен қатар басқа да жағдайлар туралы ақпараттандырып отырады. 2015 жылы «Кеңес орталығы» консалтинг орталықтарында 27 мыңнан астам адамға жұмыс, баспана және елімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларға қатысты кеңестер берілді. 2016 жылы бұл жұмыс өзінің жалғасын табатын болады. Осы орталықтардың негізгі мақсаты - ауылдық жастарды ақпараттандыруға, заң мәселелері бойынша жеке консультативті көмек және психологиялық көмек көрсету», - деп атап өтті А. Сакошев. Оның сөзі бойынша, өткен жылы «Жастар - Отанға!» аймақтық жастар саяси лагеріне 560 адам қатысты. Биыл лагерь облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастырылады. Оған қоса республикалық деңгейдегі 300-ге жуық адам тартылмақ. Өткен жылы «Еріктілер мектебі» шеңберінде елімізде 600-ден астам Ұлы Отан соғысы, тыл ардагерлеріне және көмекке мұқтаж егде адамдарға көмек көрсетілді. Еске сала кетейік, «Жастар - Отанға!» жобасы 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты  жастар арасында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарды түсіндіру және ұлықтау болып табылады. Жоба «Қазақстан - 2050» Стратегиясы, сонымен қатар, «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Елбасы Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде әзірленген болатын. Жоба аясында «Кеңес орталығы» консалтинг орталықтары, «Жастар - Отанға!» жастар саяси лагері, «Еріктілер мектебі», «Қазақстаным таза мекенім» және «Әскердегі бір күн» т.б. акциялар ұйымдастырылады. «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» Жастар қанаты еліміздің ең ірі жастар ұйымы болып табылады, оған 165 мыңнан астам жас мүше.

Алматы облысы жастар ресурстық орталығының директоры Айдын Нұрмұхамбетов «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVII съезіне қатысып келгеннен кейінгі әсерімен бөлісті. «Тәуелсіздік Сарайында болып, Съезге қатысқаным мен үшін ерекше мәртебе, елдің келешегі үшін талмай еңбек еткен, сыйлы аға ұрпақ өкілдерімен қатар отырдым... Дағдарысты еш қиындықсыз еңсеретінімізге сенімдімін», - деді А. Нұрмұхамбетов.«Маған әсіресе, Мемлекет басшысының жастарға білім беру, әлеуметтендіру, патриоттық тәрбие беру саласын жаңғырту жайлы идеялары жаныма жақын», - деді жастар ұйымының директоры.      

Ал Алматыда жауынгер-панфиловшылардың Мәскеуді қорғау барысында көрсеткен ерліктеріне 75 жыл толуына орай өткізілген «Біз миллиондаған панфиловшылармыз» акциясы аясында қала көшелерімен мыңнан аса әскери қызметші жүріп өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараны өткізудегі басты мақсат - жас қазақстандықтарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу. «Алматыда жергілікті атқарушы органдар және Алматы қаласын қорғау істері жөніндегі департаменттің қолдауымен «Біз миллиондаған панфиловшылармыз» атты акция бірнеше күннен бері жүргізіліп келеді. Бұдан 75 жыл бұрын Алматы қаласында құрылған 316-шы атқыштар дивизиясы Мәскеу қаласын неміс басқыншыларынан ерлікпен қорғап, жауды кейін шегіндірген болатын. Біз бұл ерліктерді ерекше мақтанышпен еске аламыз», - деді Алматы қаласы қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары, полковник Ермұхан Аспамбетов.     Шеру Бөгенбай батыр мен Қонаев көшесі қиылысындағы ескерткіштен басталып, 28 панфиловшылар атындағы саябақта аяқталды. Мәңгілік алау алдында бүгінгі шараға қатысушылар Мәскеуді қорғау барысында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.   «Көпұлтты Қазақстан халқы Ұлы Жеңіске айтарлықтай үлес қосты. Соғыс жылдары елімізден әскер қатарына - 1 196 164 жауынгер, ал еңбек армиясына - 700 мыңнан астам адам шақырылды. Қазақстанда 21 атқыштар, 4 квалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге тарта жекелеген полктік батальондар жасақталды. Біздің әкелеріміз бен аталарымыз 4 жылға созылған сұрапыл соғыста ерліктің талай тамаша үлгілерін көрсетті.   Мәскеу үшін болған шайқастарды талай тарихшы зерттеді. Бірақ, әлі күнге дейін сол кездегі оқиғаларға қатысты көптеген құжаттар  ашылған жоқ. Бірақ қолда бар мәліметтердің өзінен-ақ, шайқастардың қалай өрбігенін білуге болады», - деді өз сөзінде «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, отставкадағы генерал-майор Рүстем Қайдаров. 

 

Сонымен бірге Алматыда «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігі «Панфиловшылардың жаппай ерлігі - жаңа қазақстандық патриотизмнің негізі» əскери-тарихи конференция өткізді. Отырыс барысында панфиловшы жауынгерлердің Мəскеуді қорғау жолындағы шайқасы туралы талқыланды. Мұрағат жəне музей қызметкерлері, академиялық жəне зерттеу институттарының мамандары  зерттеу жұмыстарын қорытындылады. Ғалымдар əскери тарихтың негізгі бағыттары бойынша дау туғызатын тұстарды тілге тиек етіп, Ұлы Отан соғысының тарихын одан əрі терең зерттеуді қолға алу керектігін жеткізді.

«Біз тарихты білуіміз керек. Біздің отандастарымыз 75 жыл бұрын Мəскеуді ерлікпен қорғады. Қазіргі жастар, тіпті офицерлер де Панфилов дивизиясын біле бермейді. Жастардың тарихтан қол үзбеуі үшін үнемі ағарту жұмыстарын жүргізу керек. Біздің қазіргі алға қойған мақсатымыз - Армия үйін «Мəңгілік ел» патриоттық жұмыс орталығына айналдыру»,- деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Лəйла Ахметова. Жаңа қазақстандық «Мəңгілік ел» патриоттық қозғалысы туралы əділет генерал-майоры, профессор Рүстем Қайдаров айтты. «Мəңгілік ел» патриоттық қозғалысы жастарға Мемлекет басшысы ұсынған Ұлт жоспарын жүзеге асырудың 5 институционалды реформасы мен «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» жолдауын, Алматы қаласының даму бағдарламасын жүзеге асыруға көмектеседі. Жаңа қазақстандық патриотизм - біздің мемлекеттілігіміздің, бірлігіміз бен қауіпсіздігіміздің кепілі»,- деді ол. Конференцияға билік өкілдері, «Нұр Отан» партиясының мүшелері,  ҰОС ардагерлері, əскери оқу орындарының оқытушылары мен студенттер қатысты.  

 

Жастарды патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында  «#МенЕлімдіСүйемін» акциясына арналған телекөпір өтті. Акцияның мақсаты - туған жерге деген  өзінің  сүйіспеншілігі мен құрметін көрсету. #МенЕлімдіСүйемін хэштэгімен Қазнетте еліміздің әртүрлі өңірінен 200 посттар мен роликтер жарияланғанын атап өткен жөн. Акцияға жүргізушілер Азамат Сатыбалды, Диляра Әленова, Ирина Тен, «Қазақстаннның ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек федерациясы РҚБ басшысы Анатолий Ким,  грек-рим стиліндегі қазақстандық балуан, жаттықтырушы, Азияның екі дүркін чемпионы, әлемнің екі дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының чемпионы Юрий Мельниченко, ғалым-биотехнолог Дәмел Мектепбаева, блогер Виталий Перов, оператор, Валерий Задарновский, «Астана Опера» театрының танымал орындаушылары,  Әнел Рүстемова және Тайыр Гатауов, танымал медиалық тұлғалар Нұрлан Қоянбаев, Қуандық Қыстықбаев, Бүркіт қатысты.   Телекөпір аясында акцияны қолдау үшін флешмоб ұйымдастырған Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы байланыс арқылы қосылды. Өңірлердегі шараларға  қазақстандық жұлдыздар, олимпиада чемпиондары, белсенділер Ольга Рыпакова, Біржан Жақыпов, Мерсиева Диана, Әділбек Ниязымбетов, Мұсаев Ислам, «All Давай» тобы, Айдана Жұмағұлова, Мұрат Мұтырғанов, Ермахан Ибрайымов, Мәдина Сәдуақасова, Турал Эверест, Тұрар Рахымберлин қатысты. Акцияға  #МенЕлімдіСүйемін, #ПочемуЯлюблюКазахстан хэштэгпен өздерінің жеке роликтері мен жазбаларын қандай да бір шектеусіз орналастыра отырып, Қазнеттің пайдаланушылары  да қатыса алады. Телекөпірді   Орталық коммуникациялар қызметі, «Қазақстан» РТРК ұйымдастырды. «24kz» теклеарнасы ақпараттық қолдау көрсетті.
Ал Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің (ҚарМТУ) алаңында «Әлем эстафетасы - жастарға!» атты Республикалық жастардың ядроға қарсы онлайн-форумы өтті. Онда қоғам қайраткерлері, ЖОО-ның ректорлары сөз сөйледі. Тараз қаласындағы М-Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің технологиялық корпусының ғимаратында қаладағы ЖОО-ның студенттері мен оқытушылары, «Невада-Семей» ядроға қарсы Халықаралық қозғалыстың Жамбыл бөлімінің қызметкерлері, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері жиналды. М-Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың бірінші проректоры Асқар Әбдуалы «Невада-Семей» Халықаралық ядроға қарсы орталығы және оның Жамбылдық бөлімі, Жамбыл облысы және Тараз қаласының әкімдіктері, «Нұр Отан» партиясының Жас Отан» ЖҚ 28 наурызда Таразда «Әлем эстафетасы - жастарға» атты облыстық жастар форумын дайындап отырғанын атап өтті. «Бұл форумда ғаламшар жастарына Үндеу, Бітімгер анты қабылданып, сондай-ақ «Невада-Семей» Халықаралық ядроға қарсы қозғалысының құрылымы ретінде облыстық жастар альянсы құрылады. Әлем форумының эстафетасын облыстардың арасында бірінші болып Павлодардағы филиал жетекшісі қабылдайды. Әлем эстафетасы Тараз жастарының берік және сенімді қолында екенін айтқым келеді», - деді А.Әбдуалы. Еске сала кетейік, 2016 жылдың 29 тамызында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы» Жарлығына қол қойылғанына 25 жыл толады. Онлайн-режимдегі форумның жұмысына елдегі 17 ЖОО-ның ректорлары, студенттер мен оқытушылар, ғылым әлемінің өкілдері, қалың жұртшылық, БАҚ өкілдері қатысты. Форумның қатысушылары Қазақстанның өз аумағында ядролық полигондардың жабылуына қол жеткізген және бұған әлемнің бүкіл елдерін шақырған әлемдегі бірінші мемлекет болғанын атап өтті.    

 

Ал Бурабайдағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Шығармашылық коктейль» республикалық театр және көңілділер мен тапқырлар клубы фестивалі аясында 3 ауысымның жабылу салтанаты өтті. Ауысымға еліміздің әр өңірінен келген 300-ге жуық 5-9 сынып оқушылары қатысты.  Ауысым 20 күнге созылды. Осы аралықта республикалық және халықаралық, облыстық, қалалық, аудандық өнер мектептерінің театрлық ұжымдары және жайдарман байқауларының жеңімпаздары, жүлдегер жас актерлер мен жас әртістер қатысып, өздерін әр қырынан көрсете алды. Ауысым барысында жас қазақстандық патриоттардың академиясы құрылды. Ондағы мақсат еліміздің келешек патриоттарын мектеп жасынан тәрбиелеу болып табылады. Шараға орталық директоры Мұхитдин Төлепбай, білім беру кешенінің директоры Гүлнәр Шәріпова, спорттық-туристік кешені директоры Ринат Құлмағанбетов, тәрбие беру кешені директорының орынбасары Жангелді Әмірғалиев және ғылыми-әдістемелік бөлімінің әдіскері Өркен Хафиз, орталық психологы Айшолпан Бупакова, медициналық кешеннің директоры Гүлнәр Мұхамеджанова, ғылыми-әдістемелік бөлімінің әдіскері Елена Загрудницкая, жас қазақстандық патриоттар Академиясының жетекшісі Ділдәш Битуова қатысты.

«Соңғы кездері патриотизмді және азамат тәрбиелеу идеясының қоғамдық маңызы артып, мемлекеттік маңыздағы тапсырмаға айналуда. Сол себепті, мұндай игі бастаманың Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келуінде үлкен мән жатыр. Бүгінгі жастар Қазақстанның жарқын болашағы», - деді орталық директоры М.Төлепбай. Ауысымның жабылу салтанаттында 300 баланың ішінен іріктелген белсенді 90 балаға «Қазақстандық - жас патриоттар академиясының» куәлігі мен сертификаты және төс белгісі тапсырылды. Еске сала кетейік, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы «Артек» Халықаралық балалар орталығының үлгісінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен ашылған болатын. Орталық еліміздің ең көрікті жерлерінің бірі Бурабай курорты аймағында Щучье көлінің жағасында орналасқан.

Сонымен бірге елордалық колледждерде жұмысшы мамандықтарды меңгеріп жүрген дарынды студенттер мен кәсіпорындардың жас жұмысшылары конкурс аясында он бағыт бойынша шеберлік байқасты. Конкурс қорытындысы бойынша әрбір санатта мамыр айында өтетін республикалық жарыста Астананың намысын қорғайтын үздіктердің есімдері белгілі болды. Чемпионат Кәсіптік-техникалық және Политехникалық колледждерде өтті. Жалпы, конкурсқа жұмысшы мамандық иелері арасынан 72 адам қатысты. Елордалық студенттер үшін бұл турнир - өз машықтары мен дарындылығын көрсетудің бірден-бір мүмкіндігі. Қазылар алқасы дауыс беру арқылы жеңіске лайықты тұлғаларды анықтады. Олар алдымен республикалық жарысқа, ал онда сәтті өнер көрсеткен жағдайда ТМД елдері арасындағы WorldSkills конкурсында бағын сынайтын болады. Чемпионат қорытындысы бойынша Экономика, технология және тағам өнімдерін стандарттау колледжінің студенті Бауыржан Аусақ үздік аспазшы атанды, Кәсіптік-техникалық колледж студенті Азамат Сабырқұлов ең дәмді кондитерлік өнімдер әзірлеген. «Мейрамхана сервисі» санатында Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің студенті Олжас Жүсіпназар топ жарды.Конкурста жаңа бастап жатқан құрылысшылар да сайысқа түсті. «Құрғақ құрылыс және сылау жұмыстары» біліктілігі бойынша Политехникалық колледждің өкілдері Әміржан Қыздарбеков пен Константин Новиков бірінші орын алды. Дәнекерлеушілер арасында да жарыс тартысты өтті. Қазылар алқасының пікірінше, бұл салада «Туран-профи» колледжінің студенті Алмас Матаев жеңіске лайық болды.Желілік және жүйелік әкімшілендіру саласында Владислав Шлагерь жеңімпаз атанды, Юрий Апретов - ең дарынды веб-әзірлеуші. Бұл екеуі де Политехникалық колледжде оқиды.Менеджмент және бизнес колледжінің студенті Зарина Нурхалиева шаштараздар арасында ерекше көзге түсті, осы колледждің тағы да бір өкілі Гүлмира Рузматова үздік модельер атанды. Жарыс балабақша тәрбиешілерінің арасында да өтті. Бұл санатта Гуманитарлық колледж студенті Альмира Тұяқова жеңіске жетті.Айта кетейік, алтын, күміс және қола жүлде иегерлеріне чемпионат демеушілерінен бағалы сыйлықтар табысталды.   
Ал Батыс Қазақстан облысында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ұрпақ+» мәдени-білім беру жобасы аясында көптеген шаралар атқарылмақ. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева айтқан болатын. Айгүл Әділгерейқызының айтуынша, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау бағытында «Үлкен ел - үлкен отбасы» жобасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі 2015-2016 жылдарға арналған «Ұрпақ+» мәдени-білім беру жобасын дайындап, іс-шаралар жоспары ҚР Үкіметімен бекітілген болатын. Осыған орай облыстық білім басқармасы БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, жастар саясаты мәселелері басқармаларымен бірлесе отырып, кешенді шараларды қолға алды. Мектеп оқушылары мен техникалық-кәсіби білім беру ұйымдарының шәкірттеріне бағытталған аталмыш жобаның негізгі мақсаты жас ұрпақтың ел тарихы мен мәдениеті, этнографиясы саласындағы ізденушілік, шығармашылық қабілеттерін дамыту болып табылады. Жоба негізінен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған түрлі деңгейдегі жобалар, жарыстар, байқауларды өткізу арқылы жүзеге асырылады. Ғылыми жобалар, олимпиадалар, әдеби оқулар, сәндік-қолданбалы, шығармашылық және тарихи зерделеу бойынша үйірмелер, жастардың ата-бабаларымыздың әдеби мұрасын зерттеуге ынта-қабілетін арттыру, туристік-өлкетану қызметін ұйымдастыру, жас туристердің шеберлігі мен тактикалық дайындығын ұштау, үздік туристік ұйымдарды анықтау бағытында өткен жылғы желтоқсан айынан басталған  шаралар биыл да жалғасуда. Мысалы, жас зерттеушілерді анықтау, іріктеп, оларды қолдау бағытында ақпан айында оқушылар арасында түрлі пәндер бойынша дәстүрлі ғылыми жобалар сайысы өткізілді. Облыстық сыннан озық шыққан 24 оқушы 18 жобамен республикалық кезеңге қатысса, соның ішінде 6 жобамен 9 шәкірт жеңімпаз атанды. «Ұрпақ+» жобасына енгізілген Абай оқулары бойынша да батысқазақстандық шәкірттер республикалық байқаудан жүлде алып келеді. Білім басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған осы наурыз айында «Менің Отаным - Қазақстан» туристік-өлкетану экспедициясын жасақтау бойынша облыстық слет өтетін болса, алдағы сәуірде Орал көрме залында «Менің елім» атты балалар мен жасөспірімдердің көрмесі ашылады. Сонымен қатар тәуелсіздік тойы мен Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Нұрлы болашақ» республикалық акциясы аясында 1 маусым күні "Біз біргеміз!"  атты шара ұйымдастырылмақ. Оған қоса балалар мен жасөспірімдердің көшбасшылық және шығармашылық белсенділігін арттыру, балалар ұйымдарын жандандыру бағытында "Ұрпағымыз ұлы елдің" атты "Жас ұлан" балалар ұйымдарының форумы  өткізіледі. Елбасымыздың «Жалпыға ортақ  еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында барлық білім беру ұйымдарында өлкетану, Абайтану курстары ұйымдастырылуда.  Соңғы кезде мектеп музейлеріне ерекше мән берілуде. Өйткені жеткіншек ұрпақтың өз Отанын, өз өлкесін қастерлеп, тарихын жете білуі үшін музейлердің маңызы зор. Қорыта айтқанда, «Ұрпақ+» жобасы аясында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған шаралар жыл бойы жалғасын тауып, желтоқсан айында қорытындыланатын болады.

Облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фоминнің атап өткеніндей, өңірде туристік-өлкетану ұйымдарының тұтас жүйесі құрылып, көптен бері өз жұмысын жүйелі атқарып келеді. «Соқпақ» журналының шыға бастағанына да он бірінші жылдың жүзі болды. Мектептер әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілген. Қала мен аудандарда үйірмелер тұрақты жұмыс жасайды, оларда түрлі бағыттар бойынша 700 бала айналысады. Тіпті бұл өлкеде тау жоқ болса да, батысқазақстандық балғындар тау туризмі мен шыңға өрмелеуден республикада оза шауып жүр. Атақты альпинист, Батыс Қазақстаннан түлеп ұшқан Мақсот Жұмаев атындағы жарыстар балаларды үлкен мақсаттарға жетелеп келеді. Сондай-ақ туристік-өлкетану экспедициялары 25 жылдан астам уақыт бойы ұйымдастырылып келеді. Балалар туризмі мен «Менің Отаным - Қазақстан» экспедициясын ұйымдастырудағы батысқазақстандықтар тәжірибесі қазіргі кезде озық үлгі ретінде елімізге таратылуда. Республика көлемінде жоспарланған 26 іс-шараның 10-ы өлкетану бағытына арналған. Сондықтан бұл шараларды батысқазақстандықтар да белсенділікпен ұйымдастыратын болады. БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Ранида Әшенованың сөзіне қарағанда, «Ұрпақ+» жобасы аясындағы жұмыстар бірнеше бағыттар бойынша жоспарланған. Олар облыстық жастар ресурстық орталықтары және жастар ұйымдары арқылы жүзеге асырылатын болады. Айталық, «Зияткер ұрпақ» жобасына сәйкес өңірге танымал белгілі тұлғалармен, зиялы қауым өкілдерімен, қоғам қайраткерлерімен кездесулер өтетін болса, пікір-сайыс қозғалысын қалада ғана емес, аудандарда да кеңінен дамыту ісі қолға алынбақшы. Қалалық, облыстық турнирлер өтіп, Тұңғыш Президент күні қарсаңында республикалық пікір-сайыс чемпионаты мәреге жетеді. Сол секілді жастар арасында кеңінен таралып отырған «Жайдарман ойындары» одан әрі құлашын жая түспекші. «Жайдарманның» жоғары лигасында БҚО-дан «Грант», «КазИИТУ» командалары өнер көрсетіп келсе, қаңтар айында өткен республикалық оқушылар лигасының фестивальдік ойынында Сырым ауданы Алғабас ауылының «Сары бүркіт» командасы чемпион атанды. Биыл облыс әкімінің кубогына арналған «Жайдарман» фестивалі қыркүйек айына жоспарланса, жалпы, «жайдарманшылардың» мектеп және студенттік лигаларын дамыту бағытында «Ақжайық КТК лигасы» жастар қоғамдық бірлестігі жұмыстанып келеді. «25 игі іс» акциясы да облыс жастары тарапынан қолдау тауып, 100-ге жуық шара ұйымдастырылды. Басқа да шаралар кезегімен өте бермек. 

 

 

 

 

***

  

Жастар салауатты өмір салтын қолдайды

  

  

Жастардың жат әдеттен бойларын аулақ ұстап, салауатты өмір салтын ұстануға үндеу мақсатындағы іс-шаралар елімізде  үздіксіз жүргізіліп келеді. Спорт және дене шынықтыру - біздің мемлекеттік жастар саясатының маңызды бағыты. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіруі жөнінде Мемлекет басшысы алға қойған міндетті жүзеге асыруда халықтың денсаулығы ең маңызды мәселе болып табылады. Қазіргі уақытта әлеуметтік жағдай,өмір сүру ұзақтығының төмендеуі және адам экологиясының қолайсыздығы бүкіл өркениетті әлем үшін көкейтесті мәселе болып отыр. Енді осы тақырып төңірегінде жарық көрген материалдармен таныстырып өтейік.

«XXI ғасырды біз жаһандық сын-қатерлер дәуірі ғана емес, жас, қуатты және талантты адамдардың дәуірі деп те атаймыз. Қазақстанда бүгінде әрбір төртінші азамат - жас ұрпақтың өкілі. Мені сіздердің білімдеріңіз, шетел тілдерін игергендеріңіз, инновацияға ашық болуға талпыныстарыңыз қуантады. Араларыңызда ақылы мен білімі қазірдің өзінде Отанымызға пайдасын тигізіп жатқан жастар аз емес. Әлем жұрты көп ұзамай жаңа қазақстандық ғалымдар, дәрігерлер, инженерлер, музыканттар мен спортшылар туралы естіп-білетініне сенімдімін», - деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде «Жастық! Жігер! Еңбек!» атты республикалық жастар форумына қатысу кезінде. Форумға елдің барлық өңірінен үш мыңдай жастар өкілі қатысты. Іс-шара барысында форумға қатысушылар «Гүлдене бер, туған ел!» жалпыұлттық марафон-эстафетаның басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы мұнда ел үміт артқан ең талапшыл жастар жиналғанын атап өтті. Қазақстан Президенті жастар қазіргі уақытта ұсынылып отырған мүмкіндіктерді пайдалануы қажеттігін айтты. «Біз заманауи білім беру жүйесін, зияткерлік мектептер, Астанада халықаралық университет аштық. Жыл сайын мыңдаған студентті әлемнің үздік университеттеріне жібереміз. Өмірдегі ең басты нәрсе - білім, жоғары кәсібилік және өз Отаныңа адалдық, мен сіздерді осыны есте ұстауға шақырамын. Сіздерде зор күш-қуат пен шығармашылық әлеует бар. Осының бәрін өмірлеріңіздегі ең басты мақсатқа жетуге бағыттаңыздар», - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев біздің ел жастардың әлеуетін дамытуға және жүзеге асыруға қажетті жағдайлар жасап жатқанын айтты. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында жастарды қолдауға бағытталған шаралар қарастырылған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Дипломмен - ауылға», «Жасыл ел» жобалары арқылы жарты миллион қазақстандық жас қамтылған. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында жас отбасыларға 3,5 мыңнан астам пәтер берілді. Бұл жұмыс әлі жалғасады. 2017 жылдан бастап әрбір орта мектеп түлегі мемлекет есебінен алғашқы мамандығын меңгеріп шығатын болады. Жаһандық дағдарысқа қарамастан, біз барлық ресурсты еңбек адамын қолдауға бағыттаймыз. Бұл біздің экономикамыздың дамуы үшін мультипликативті әсерді қамтамасыз етеді, қазақстандықтар үшін қуатты «әлеуметтік саты» қалыптастырады және жастардың игілігін арттырады», - деді Қазақстан  Президенті. Мемлекет басшысы бүгінде елімізде жолдар салынып, индустрия дамытылып, жаңа жұмыс орындары мен инновациялық кәсіпорындар ашылып жатқанына назар аударды.  «Сіздердің тың идеяларыңыз бен жастық жігерлеріңізді қажет ететін жүздеген, мыңдаған жұмыстар бар. 200 мыңдық сарбазы бар «Жасыл ел» акциясы нағыз ерлік болды, олар 10 жылда 115 мың гектар аумақта 50 миллион ағаш отырғызды. Осы игі миссияны жалғастырып, Қазақстанды жасыл әрі болашақ ұрпақ үшін таза өлкеге айналдыру керек. Сіздер Универсиада мен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу ісіне белсене қатысатындарыңызға сенімдімін. Осының бәрі сіздер үшін, сіздердің болашақтарыңыз бен еліміздің болашағы үшін жасалуда. Жастарымыз мемлекет қамқорлығына үздік оқумен, спорттағы және шығармашылықтағы табыстарымен, Отанына қызмет етуімен жауап береді деп сенемін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Соңында Қазақстан Президенті елдің барша жастарына сөз арнады.    «Сіздер - елдің болашағысыздар. Сіздер мен біздің ұлы мақсатымыз бар. Армандар ұмтылған кезде ғана орындалады. Қазақстан ХХІ ғасырда қуатты әрі өздеріңмен бірге өркендейтін ел болуы үшін сіздердің күш-жігерлеріңіз, ынтымақтарыңыз, табандылықтарыңыз бен таланттарыңыз жеткілікті екеніне сенемін», - деді Мемлекет басшысы. 

Жастарды салауатты өмір салтына баулу мәселесі  аймақ басшыларының да назарынан тыс қалған емес. Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың есептік кездесуінде спортқа қатысты мәселе де қозғалған болатын. Аймақ басшысы бір жылда облыста 20 спорт құрылымы іске қосылғанын атап өтті.  Қ.Бозымбаев келесі аптада Ақсу қаласында демеушілердің қаражатына жабық хоккей корты ашылатынын айтты. Сонымен қатар, биыл Усольский шағын ауданында 50 метрлік олимпиадалық бассейннің құрылысы басталады. Демеушілер құрылысқа 600 млн. теңге бөлуге келіскен. Павлодарлық спортшылар біраз жетістікке жетті. «Хоккейшілеріміз Қазақстан бойынша ерлер арасындағы шайбалы хоккей сынынан үшінші рет алтын медальға ие болды. «Павлодар» және «Иртыш-Казхром» волейбол клубтары күміске қол жеткізді. «Иртыш-ПНХЗ» әйелдер баскетбол командасы Республика чемпионатында үшінші орыннан көрінді, -деп атап өтті облыс әкімі. Жалпы өткен жылы облыс спортшылары республикалық сындарда 833 медаль иеленген.   

Ал Қостанайда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында жергілікті полицейлер «Нөлдік төзімділік» және «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу шараларын жұмыстарын жүргізіп отырады. Құқық қорғаушылар түнгі клубтарды, интернет-кафелер мен спирттік ішімдіктер мен темекі өнімдерін сататын жерлерді тексерді. 

Қостанай облысының ювеналды полиция бөлімінің аға  инспекторы   полиция подполковнигі Галина Шаталованың айтуынша,

полицейлік шаралар аясында кәмелетке толмағандардың үйден тыс жерде жүруінің 169 фактісі анықталған. Сонымен қатар, кәмелеттік жасқа толмағандарға алкоголь сатудың 17, темекі өнімдерін сатудың 9 фактісі анықталды. Қостанай облыстық ІІД баспасөз қызметінде атап өткендей, заң бұзғандардың барлығымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Балаларын қадағаламаған жеткіншектердің ата-аналарына ескерту жасалды.  Бұндай шаралар жасөспірімдердің арасында қылмыстың алдын алу мақсатында жасалып жатыр.

 


***

Жастар саясаты - ел ертеңін айқындайтын басым бағыт. Жастар саясаты жастардың білім, еңбек және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге, шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастарды ауқымды әлеуметтендіру және патриотизм құндылықтарын қалыптастыру үшін жағдай жасауға бағытталған. Мемлекеттік жастар саясатының басты мақсаттарының бірі - еліміздің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуына үлес қосуға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға тәрбиелеу. «Мемлекеттік жастар саясаты жастарға еліміздің толыққанды азаматы болуға жақсы мүмкіндік беруі тиіс. Ол жастар өмірдегі өзінің жеке табысын іздей отырып, жақындары, өз халқы және Отаны үшін жағдай туғызатын азаматтар болуы тиіс. Мен біздің жастарға сенемін», - деген Н.Назарбаевтың үмітін жастар әрқашан ақтар. 

Соңғы жаңалықтар