Шоқпар стансасында пойыз қозғалысы толығымен қалпына келді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Вагондар жолдан шығып кеткен Шоқпар стансасында жолаушылар пойызының қозғалысы толығымен қалпына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, кеше сағат 01.30-да Шоқпар станциясына 45 км/сағ жылдамдықпен келген жүк пойызының екі вагоны жолдан шығып кетіп, цистернадан аққан бензиннен өрт шыққан болатын. Кейін оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылды.

Алдын ала болжам бойынша, апаттың шығу себебі - «HOLDING» РТС ЖШС жекеменшік компаниясына тиесілі цистернаның доңғалақ жұбы осінің ортаңғы бөлігінің сынып кетуі.

Оқиға орнында қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Теміржолшылар пойыздардың қозғалыс кестесін қалпына келтіру үшін барлық мүмкіндіктерді жасап отыр. Учаске бойынша 12 жолаушы және 10 жүк пойызы өтті.

Кестеден кешіккен пойыздардың жолаушыларына қажетті көмек көрсетілді. Атап айтқанда, Еспе станциясында №44 пойыздың жолаушылары, жүкті әйелдер Шу қаласының аудандық ауруханасына жеткізілді.

Стансаларда жолаушыларды ауыз сумен және азық-түлікпен қамтамасыз етуге арналған орындар ашылды. Шу станциясы мен вокзалы басшылығы жолаушы пойыздарының бригадаларымен бірлесіп, билет құнын қайтару және келген қолайсыздық үшін өтемақы төлеу секілді мәселелерді шешіп жатыр.

Шу станциясының перронында пойыз жолаушыларына биотуалеттер орнатылды және кетуге ниет білдіргендерді автокөлікке отырғызып жіберді.

Жолаушы пойызының кешіккені үшін айыппұл жолаушының өтініші бойынша әрбір кідірістің толық сағаты үшін билет құнының үш пайызы мөлшерінде, бірақ билет құнынан аспайтын сомада төленеді.


Соңғы жаңалықтар