Шоколад пен коланы мектепте сатуға болмайды - министр Біртанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов фаст-фудты шектеуге қатысты пікір білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әрине, денсаулыққа зиянды өнімдерді шектеуге қатысты алдымен мемлекет тарапынан тиісті шаралар қолға алынуы қажет. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі мектептерге арналған санитарлық ережелерді шығарды. Біз мектептерде газдалған тәтті сусындарды сатуға тыйым салдық. Сосын кондитерлік өнімдерді сатуға болмайды. Сондықтан осыны қоғам болып бақылау қажет. Ата-аналарға айтарым, мектептерде шоколад, кола мен тәтті сусындарды сатса, бірден қоғамдық денсаулықты сақтау департаментіне xабар беріңіздер. Олар бәрін тексеріп, тиісті шараларды қолға алады», - деді Е.Біртанов xалық алдында есеп беру кездесуі кезінде.

Министрдің айтуынша, адам денсаулығына зиянды өнімдердің саудасына тыйым салу қиын. Оған қоса, аталған компаниялар өз тауарларын жан-жақты жарнамалап отырады.

«Дегенмен, қоғамдық денсаулықты дамытудың кешенді жоспары аясында нақты талаптар бар. Аталған стандарттардың барлығы мектептерге таратылды. Сол бойынша балаларды тамақтандыруды жүргізеді. Ал үйде біз өзіміз балаларды дұрыс әрі пайдалы тамақты таңдауға үйретуіміз керек. Меніңше, бұл - басты мәселе. Біз өзіміз ата-ана болып, балаларға үлгі көрсетпесек, салауатты тамақтану мәдениетін қалыптастыра алмаймыз. Негізі, фаст-фуст біздің xалқымызға да, мәдениетімізге де жат нәрсе. Оны алмастыратын тағамдарымыз көп», - деп атап көрсетті Е.Біртанов.

Соңғы жаңалықтар