Шөкеев Үкімет басшысынан Түркістандағы нысандарды тездетіп аяқтауға ықпал етуді сұрады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кеңесте Түркістан облысын дамыту келешегі жөнінде баяндаған өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев жаңа нысандардың құрылысын жеделдетуге қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Ө.Шөкееев Түркістан облысында жаңа нысандар салатын өңірлер, ұлттық компаниялар мен бизнес өкілдерінің жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуді жеделдетуді сұрады.

«Сонымен қатар нысандардың өндірістік жұмыс кестелерін сіздің хаттамалық тапсырмаңызбен бекітіп беруіңізді сұраймыз. Құрылыс жұмыстарына қажетті қаржы көлемін бюджеттерінен бөлу жолдарын Алматы қаласы және Павлодар облысының тәжірибесі негізінде қарауды ұсынамыз. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жобалардың мемлекеттік сараптамадан қысқа мерзімде өткізу мүмкіндігін қарастырса. Тапсырыс беруші «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Конгресс-орталық нысанының жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау барысында қолданыстағы карьерді мүмкіндігінше жертөле, қойма және автотұрақ ретінде пайдалану мүмкіндігі ескерілсе»,- деді ол.

Өңір басшысы, сондай-ақ Түркістан қаласының Даму тұжырымдамасына сәйкес климатты жақсарту, қаланы абаттандыру және қала ішіндегі ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Осы мақсатта Сырдария өзенінен келіп Арыс-Түркістан каналына құятын Түркістан машиналық каналының техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасын тездетіп жасап, құрылысын келер жылы аяқтау қажеттігін айтты.

«Түркістан қаласы бойынша жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу мақсатында Үкімет резерві есебінен қаржыландыруға қолдау көрсеткеніңізге алғыс білдіремін. Қаржыны шұғыл қарастыру мақсатында ҚР Үкіметінің қаулысын әзірлеу үшін Ұлттық экономика министрлігіне тиісті тапсырма беруіңізді сұраймын. Республикалық маңызы бар «Р-31 Кентау-Түркістан» 0-26 шақырым және «Түркістан-Шәуілдір» 36-106 шақырым автомобиль жолдарын бірінші санатқа өткізу бойынша қайта құру жұмыстарын ҚР Инвестиция және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан 2019-2020 жылдары іске асыру қажет»,- деді облыс басшысы.
null

Әкім сондай-ақ, Үкімет басшысынан Түркістан облысындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын жаңа жүйе - факторлы-балдық шкалаға көшіруге ықпал етуді сұрады.

Еске салайық, Министрлер кабинетінің басшысы бүгін таңертең Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Ол бұған дейін облыстың жаңа әкімшілік іскерлік-орталығының, 7 мың орындық стадионның, Оқушылар сарайының құрылыс алаңында болды. Сондай-ақ тұрғын үйлердің, БАҚ өкілдеріне арналған жаңа Медиаорталықтың және өзге де нысандардың құрылысымен танысты.

Бұдан кейін Асқар Мамин қаланы дамыту перспективалары жөнінде кеңес өткізді. Селекторлық режімдегі кеңеске еліміздің бірқатар қала, облыс әкімдері мен министрліктердің өкілдері, жергілікті депутаттар мен басқарма басшылары қатысты.

Соңғы жаңалықтар