Шоқан Уәлихановтың ізімен экспедицияға шыққан топ Семейге жетті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Әйгілі саяхатшы, этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың Қашғар еліне сапарлағанына 160 жыл толуына орай Талдықорғаннан шыққан экспедициялық топ Семей қаласына аялдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шоқан Уәлихановтың ізімен жүріп өту, жаңа деректерді анықтау және насихаттау мақсатында құрылған «Шоқжұлдыз ізімен» атты экспедициялық топ бірнеше күн бұрын Талдықорған қаласынан сапарға шыққан болатын.null

Семей қаласына аялдаған экспедиция Шоқан Уәлиханов туралы тың деректер жинап, өлкетанушылардың мағлұматтарына қанық болды. Семей шаһары Шоқан Уәлихановтың өмірінде ерекше орын алады. Зерттеуші өз күнделігінде 1858 жылдың 28 маусымында осы жерде Семей көпесі Мұсабайдың керуеніне қосылғанын атап өтеді. Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов Семейде өзінің досы Федор Достоевскиймен де бірнеше рет кездескен. Экспедиция мүшелері орыс жазушысының музейінде болып, шоқтығы биік Шоқанға қатысты біраз мәлімет алды. Шоқан Уәлиханов пен Достоевский дәл осы ғимаратта ұзақ әңгімелесіп, естелік суретке де түскен. null 

«Федор Михайлович Достоевскиймен араласа отырып, өткен ғасырдағы, өткен замандардағы саяхатшылардың өмірін, яғни олардың істерін, жасаған жаңалықтарын естіп біледі», - деді «Шоқжұлдыз ізімен» экспедициясының мүшесі, профессор Мұратбек Иманғазинов.

Сапар барысында экспедиция мүшелері қаланың тарихымен де танысып, Абай Құнанбаевтың, Алаш арыстары мен Мұхтар Әуезовтың музейлеріне ат басын бұрды. Тарихы терең, тұлғалары ерен шаһардың рухани дүниесіне тәнті болды. «Шоқжұлдыз ізімен» экспедициясы енді Аягөз қаласына бет алады.

Соңғы жаңалықтар