Шоқан Уәлихановтың бейнесі бар монета ғарышқа апарылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай тұсаукесері өткен 2019-2021 жылдарға арналған Қазақстан Рекордтар кітабының (КИнЭС) қаһармандары қатарында ғарышқа қатысты тарихи деректерді жинақтап жүрген қазақстандық бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әнуарбек Балахметов – отыз жылдан астам уақытын ғарыш кеңістігін зерттеуге арнаған запастағы офицер. Ол монеталардың, маркалардың, конверттердің, ашық хаттардың, фотосуреттердің, кітаптардың және адамның ғарышты игеруін бейнелейтін фильмдердің бірегей коллекциясын жинады. Экспонаттар арасында ғарыштық белгілер мен шеврондар, әйгілі әлем ғарышкерлерінің эксклюзивті фотосуреттері бар. Ғарышқа саяхат жасаған Ш.Уәлихановтың бейнесі бар монета ерекше құнды.

Коллекционердің айтуынша, Шоқан монетасы 2015 жылдың қыркүйегінде Айдын Айымбетов ғарышқа ұшуы кезінде халықаралық ғарыш стансасының (ХҒС) бортында болды. Монетаның фотосы терезеден Жер фонында түсірілген. Қазір монетаның бір данасы Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Сырымбет ауылындағы Шоқан Уәлихановтың туған жеріндегі «Айғаным қонысы» мұражайында сақтаулы. Ал ғарышта болған екінші Шоқан монетасы (аналогы) Алматы қаласындағы Ұлттық банк мұражайына тапсырылды.

Айта кетейік, Әнуар Балахметов Қазақстандағы ғарышқа арналаған форумдар мен көрмелердің қатысушысы. Оның ғарышты игеруге, ХҒС-қа, Байқоңыр ғарыш айлағына адам басқаратын ұшуларға арналған жинағы Қазақстан Республикасының Мәскеудегі Елшілігінің, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар министрлігінің Аэроғарыш комитеті басшылығының грамоталарымен марапатталды.

«Мен үшін бұл жай ғана хобби емес, азаматтың, өз елінің патриотының ұстанымы – адамзаттың ғарышқа жолы өз жерінен бастау алған біздің елімізде, Қазақстанда ғарышты игеруді кеңінен насихаттау», - деп атап өтті Әнуар Балахметов.


Соңғы жаңалықтар