Шоқан Уәлиханов орыс география қоғамының толық мүшесі болған

None
None
«Шоқанның ұлылығы соншама, біз оны енді ғана толық түсіне бастағандаймыз».Ғабит Мүсірепов АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл қазақтың маңдайына біткен біртуар ғалымы, дүниежүзіне аты мәшһүр жиһанкез Шоқан Уәлихановтың туғанына - 180 жыл.

Шоқан Шыңғысұлы (1835-1865) - қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы, демократ. Шын аты - Мұхаммедханафия, әжесінің бала күнінде "Шоқаным" деп еркелетіп айтуымен "Шоқан" аталып кеткен. Туған жері - қазіргі Қостанай облысындағы Құсмұрын көлінің жағасы. Арғы атасы қазақтың ұлы ханы - Абылай, Шоқан оның шөбересі. Өз атасы Уәли де хан болған. Ал әкесі Шыңғыс Қазақстанда хандық жүйе жойылып, аға сұлтандықтың енгізілуіне байланысты, аға сұлтан лауазымын иеленген.

"Жеті жұрттың тілін білуге тиісті" хан тұқымы болғандықтан, ауыл мектебінде оқып, арабша хат таныған Шоқан араб, шағатай тілдерін меңгереді. Бұдан кейін оны әкесі сол кезде Сібірдегі ең таңдаулы оқу орны деп есептелінетін Омбы кадет корпусына береді. Зерек те зерделі Шоқан мұнда «екі-үш жылдан кейін-ақ өз кластастарынан ғана емес, өзінен екі жас үлкендердің класындағыларды да басып озып шығады» (Г. Н. Потанин). Ол осында белгілі шығыстанушы ғалым И. Н. Березиннің тапсырмасы бойынша Тоқтамыс ханның "Жарлығына" талдау жасайды. Бұл оның алғашқы ғылыми еңбегі еді. Жастығына қарамай, оның білімдарлығын, әсіресе, шығыс әдебиеті мен тарихын жақсы білетіндігін сол кездегі орыс ғалымдары да жоғары бағалап, мойындай бастаған болатын.

Кадет корпусын бітіргеннен кейін Шоқан Батыс Сібір генерал-губернаторының кеңсесінде қалдырылады. Ол 1855 жылы Ұлы жүзді Қоқан хандығының ықпалынан шығарып, Ресейге қосу бағытында жұмыс істеу үшін ұйымдастырылған экспедицияға қатысып, Семей, Аягөз, Қапал арқылы Іле Алатауына дейін келеді, Жоңғар қақпасына, Алакөл, Тарбағатайға саяхат жасайды. Осы сапарында қазақ, қырғыз ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинап алады. Бұл еңбегін жоғары бағалаған генерал Г.Х.Гасфорт оны наградаға ұсынады, әскери лауазымы бір сатыға жоғарылап, поручик атағын алады. Келесі жылы М. М. Хоментовский басқарған әскери-ғылыми экспедицияға қатысып, қырғыз елін жете зерттеп, Ыстықкөл аймағының картасын жасасады. "Манас" жырын жазып алып, Іле өзенінің басындағы Манас жорық жасады деген жерлерді барып көреді. Сібір мен Тянь-Шань аралығында көшіп жүрген қырғыздар Алатаудың автохтонды ежелгі тұрғындары екенін тарихта тұңғыш рет анықтап береді. Қырғыздардың көне тарихы жөнінде жазған географ К.Риттердің, А. Гумбольттің, шығыстанушы ғалымдар Шотт пен Клапроттың еңбектеріне сын айтады, тарих, география саласындағы даңқы Петербург ғалымдарына да жетіп, жиырмадан жаңа асқан жас Шоқанды Орыс География қоғамының толық мүшесі етіп сайлайды.

Шоқанның Қашқарияға сапары ғалымдық, ағартушылық саласындағы еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Қоқан хандығының Қашқардағы консулы әрі саяси резидентінің көмегімен Қашқардың экономикалық саяси құрылымын зерттеп, бұл халықтың тарихы мен этнографиясынан көптеген материалдар жинайды. Қашқар сапарынан "Алты шаһардың, яғни Қытайдың Нанлу провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы" атты еңбегі дүниеге келеді. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, әлеуметтік құрылысына арналып, сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмысы еді. Ұзамай ол Германияда, Англияда жарияланады.

Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов қазақ мәдениеті мен әдебиетінің тарихында ерекше орын алады. Аса дарынды қазақ халқының ғалымы және ағартушының өмірі мен қызметі ерекше таң қалдырады. Өзінің қысқа өмірінің ішінде ғылым саласында орасан зор табыстары сол кездегі өзінің орыс достары мен жолдастарын, орыс ғалымдарын мойындатты.

ХІХ ғасырда біздің отандық ғылым үшін Ш.Уәлихановтың мәні ерекше белгілі болғандығы туралы академик Н.И.Веселовский былай деп жазды: «...Шоқан Уәлиханов шығыстану әлемінің үстінен құйрықты жұлдыздай жарқ ете қалды. Орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдарының бәрі де ерекше бір құбылыс деп танып, одан түрік халықтарының тағдыры туралы ұлы және маңызды жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті». Академик Н.И.Веселовский бұл пікірінде Шоқанның дара таланытты ғалым болғанын айта отырып, егер Шоқан келте ғұмыр кешпегенде бұданда биік белестерден көрінетін еді деп өкініш білдіреді.

Белгілі ғалым және саяхатшы П.П.Семенов-Тян-Шанский Уәлихановты «ұлттық аймақтардың ішінде ең оқыған, білімді адамдардың бірі еді» деп бағалаған.

Халықтық тәрбиенің жаңа жүйесін ойластыра отырып, Шоқан ең алдымен жас өспірімдерді ғылым мен техниканың табыстарымен, дүние жүзі мәдениетінің бай қазынасымен таныстыра алатындай діннен бөлген дүниежүзілік білімдерді енгізуді жақтады. Қоғамдық құбылыстарды ол ағартушылық тұрғыдан түсіндірді. Өз халқын Еуропа мәдениетінен үйренуге прогреске шақырды.

Ол өз елінің оқу-ағартуы мен ғылымын дамыту үшін күресті. Қазақ халқының мәдениет пен экономика саласында артта қалуына қатты қынжыла да қинала ой жіберіп, халық бұқарасын сол азаптан арылту жолында талмастан үлкен жұмыс жүргізді.

Қазақ хандығының заманында қоғам көкжиегінде жарқырап шыққан қайраткердің қалдырған мұрасы өзінің тақырып кеңдігі, талдау тереңдігі, ойларының биіктігі жағынан 19 ғасырдағы әлемдік озық ескерткіштер қатарына қосылады. Қазақтың ұлы перзентінің еңбектері ұлтты ұлықтауға әкеліп, әлемді тануға жол бастайды. Сондықтан батыс пен шығыс биігін қоса бағындырған Шоқан Уәлиханов мұраларын ұлықтау ұлытымыздың үлкен бағыттарының бірі болып қала беруге тиіс.

Биылғы жылы Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына байланысты түрлі салтанатты шаралар өткізілді. Қазан айында Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен Көкшетауда Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығы аталып өтті. Шілдеде Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арнап, Қашғарияға бағыт алған «Шоқан Уәлиханов керуенінің ізімен» атты ғылыми-танымдық экспедиция 12 күн ішінде Қытай мен Қырғызстан аумағындағы 6000 шақырым жолды жүріп өтті. 15 қарашада Қырғыз елінде де Шоқан Шыңғысұлының мол мұрасына арналған көрме ұйымдастырылып, Халықаралық конференция ұйымдастырылды. Міне, осындай ұлы ғалымды еске алып, ұлықтаған ауқымды іс-шаралар еліміздің әр түкпірінде мерекеленіп жатқанын айта кеткеніміз жөн.

Соңғы жаңалықтар