ШОБ субьектілерін тексеруге мораторий жариялау көлеңкелі экономиканың тамырына балта шабады - «АКҚЗ» ЖШС бас директоры А. Шардинов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Сәуірдің 2-сінен бастап Қазақстанда Елбасының «ШОБ субьектілерін тексеруге мораторий жариялау» туралы Жарлығы заңды күшіне енді. Мұндай жаңалықты бизнес-қауымдастықтар үлкен қуанышпен қабылдады. Жарияланған мораторийдің жеке кәсіпкерлікті дамытуға тигізетін ықпалы жайлы бізбен Алматы қаласындағы «Алматы көпір құрылысы зауыты» ЖШС бас директоры Ахметжан Шардинов бөлісті.

- Ахметжан Бакримұлы, Елбасының Жарлығымен жарияланған мораторий бизнестің дамуына қандай серпін бермек?

- Мемлекетіміздің жеке кәсіпкерлікті қолдауда ұстанып отырған саясаты өте дұрыс бағытта деп санаймын. Мемлекет басшысы, ел Үкіметі бізге осындай тиімді бизнес-ахуал қалыптастырып отыр. Біз осы жағдайды тиімді пайдаланып, адал әрі шынайы кәсіпкерлікпен айналысуымыз керек. Белгілі саясаткер Джон Кеннеди айтқандай, бізге мемлекеттен не алам деп емес, не берем деп ойлау керек. Бұл мораторий ең алдымен кәсіпкерлердің өз бизнесіне толық мән беруіне септеседі. Өйткені, көптеген тексерістер олардың уақытын, ресурстарын, қаржысын талап етеді ғой. Ал, жаңадан бастап келе жатқан кәсіпкерлерге бұл өте үлкен шығын. Жаңадан кәсібін дөңгелетіп келе жатқан кәсіпкерлер ешқандай тексерістерге алаңдамай, өз ісіне ден қояды. Сол арқылы олар елдің экономикасын өркендетіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, сапалы тауар шығаруға мүмкіндік алады.

- Жалпы қазақстандық кәсіпкерлер үшін қандай әкімшілік қиындықтар кедергі келтіреді?

- Қазақстандық бизнес-кеңістікте бақылау, рұқсат беру, лицензия беру, сертификат беру сынды кедергілер өте көп. Оған қоса, ТЖД мамандарының, өрте қарсы қызметтің, санэпидстанция мамандарының тексеруін айтып кетсек болады. Ендігі кезекте осы қызметтің бәрін салық инспекциясы атқаратын болады. Салық департаментімен тәуекелі жоғары кәсіпорындар анықталып, жұмысы күмән тудырған кәсіпорындар ғана тексерілетін болады. «Тәуекелі жоғары» дегеніміз - өзінің кірісін жасыруға тырысқан кәсіпорындар деген сөз.

- Тексерулердің алынып тасталуы елімізде көлеңкелі экономиканың өркендеуіне әкеп соқпай ма?

- Жоқ. Менің ойымша, керісінше, шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге мораторий енгізу елімізде көлеңкелі экономиканың тамырына балта шабады деп ойлаймын. Мұндай ашықтық кезінде «жасырын» бухгалтерия жүргізудің қажеттілігі жоқ. Кәсіпорынның шығыс пен кіріс көрсеткіші айқын болса, жасырын өмір сүрудің қажеті не? Егер кәсіпорын салық жүктемесінің коэффициентін жасыратын болса, ол бәрібір салық органдары тарапынан күмән тудырады. Егер, ол еңбекақы жүйесінде заң бұзушылыққа жол берсе, бұл да тиімсіз болады. Өйткені, ертеңгі күні ол осы үшін банкке ақша төлейді ғой. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін. Мемлекет басшысының басты көздегені мораторий жариялау арқылы салығын дер кезінде төлейтін адал кәсіпкерлікті дамыту болып отыр деп түсінем.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Соңғы жаңалықтар