ШОБ «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына белсенді қатысуы қажет - Үкімет басшысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шағын және орта бизнес "қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасына белсенді қатысуы қажет. Бұл туралы бүгін «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы қаралған Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Кәсіпкерлікті дамыту Үкімет жұмысының аса маңызды бағыттарының бірі. Елбасы шағын және орта бизнестің рөлін күшейтіп, оның ел экономикасындағы үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін жеткізу міндетін қойды. Қазіргі таңда бағдарлама бизнесті дамыту үшін қажетті тиімді құралдардың біріне айналды. Бағдарламаны іске асыруға ағымдағы жылы 71,8 млрд теңге бөлінеді", - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру барысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары, Атырау және Қостанай облыстары жақсы көрсеткіштерге жетіп, оң даму қарқынын қамтамасыз етті. Дегенмен артта қалып қойған өңірлер де бар. Олар осы бағыттарда жұмысты жандандыруы қажет.

"Шағын және орта бизнес "қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасына белсенді қатысуы қажет. Бағдарлама бойынша осы мақсаттарға 600 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі таңда кәсіпкерлер 310,4 млрд теңгеге 350 өтінім берген. Олармен жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктер қарап жатыр. Осы жобаларға бөлінетін қаражатты игеру қарқынын өсіру керек және бақылауға алу қажет", - деді Премьер-Министр.

Осыған байланысты Асқар Мамин Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне "Атамекен" ҰКП және мемлекеттік органдармен бірге жобалық офистің жұмысын жандандыруды тапсырды.

"Ұлттық экономика министрлігі "қарапайым заттар экономикасы" аясында басым жобаларға кепілдік беру тетігін бекіту және айналым капиталына кредит беру мөлшерінде қаржыландыруды көздейтін Үкімет қаулысы жобасын енгізсін. Әкімдіктер бағдарлама талаптарына сай келетін жаңа жобаларды тарту бойынша қажетті ақпараттық жұмысты күшейтуі керек",- деді Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар