ШҚО жолдарының бойында қыста 19 жылыту пункті ашылады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қыс мезгілінде жол бойында 19 жылыту пункті іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері бірлесіп қысқа дайындық жүргізуде. Биыл жалпы сыйымдылығы 385 адам болатын, медициналық жабдықтармен, су және жанар-жағармай сақтайтын ыдыстармен жабдықталған 19 жылыту пунктін іске қосу жоспарланып отыр.

«Облыста қыс кезінде қандай да бір қиындыққа тап болғандарға көмек көрсету және азаматтарды жылыту үшін 33 жол бойындағы дәмхана мен 4 трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейтін болады. Адамдарды қар құрсауынан құтқару үшін 406 техника, оның ішінде 153 жол талғамайтын көлік сақадай сай тұр. Дағдарыс орталықтары ақпаратты қабылдауға, өңдеуге және тиісті шешім қабылдауға, жылу, су және энергия көздерінің тұрақты жұмысына мониторинг жүргізеді», - делінген ақпаратта.

Ауа райына байланысты ескерту жарияланғанда «Дәрмен» мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Онда жолдардың жабылуы мен ашылуы, ауа райы жағдайлары туралы ақпарат алуға мүмкіндік бар.

Айта кетейік, өткен қыста құтқарушылар қар құрсауынан 452 адамды, оның ішінде 30 баланы эвакуациялап, 119 техниканы шығарды.



Соңғы жаңалықтар