ШҚО және Абай облысында электр энергиясының тарифі төмендетілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында электр энергиясымен жабдықтайтын бірнеше ұйымның тарифі төмендетілді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Табиғи монополиялар туралы» Заңның 22-бабы 1-тармағының 8-тармақшасына сәйкес, электр энергиясын беру жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынатын табиғи монополия субъектісі қызметінің мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органның ақпараты негізінде, «Электр энергетикасы туралы» Заңның 13-1-бабы 6-тармағының талаптарына сәйкес келмеуі уәкілетті орган бекіткен тарифті оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін өзгерту үшін негіз болып табылады.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Шығыс Қазақстан облысы бойынша Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаментінің 2022 жылғы 6 қыркүйектегі ақпараты негізінде, мынадай ұйымдардың электр энергиясын беру жөніндегі қызметтеріне тарифтерді төмендетті:

- «Энергис» ЖШС 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіле отырып, 0,48 теңге/кВтс-тан 0,36 теңге/кВтс-қа дейін, мында төмендеу 26%;

- «Теплокоммунэнерго» МКК 2022 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізіле отырып, 0,286 теңге/кВтс-тан 0,274 теңге/кВтс-қа дейін, мында төмендеу 4%;

- «Риддер ЖЭО» АҚ 2022 жылғы 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізіле отырып, 0,23 теңге/кВтс-тан 0,17 теңге/кВтс-қа дейін, мында төмендеу 25%;

- «Еңбек-Өскемен» РМК 2022 жылғы 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізіле отырып, 0,661 теңге/кВтс-тан 0,633 теңге/кВтс-қа дейін, мында төмендеу 4%», - делінген баспасөз мәлімдемесінде.


Соңғы жаңалықтар