ШҚО жағалауларына 566 мәрте патрульдеу жүргізілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар мен полицейлер өзен-көлдердің жағалауларын патрульдеуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында бірқатар шараларды қолға алған.

«Өзен-көлдердегі қайғылы оқиғалардың негізгі себептері – демалушылардың су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзуы, жабдықталмаған жерлерде шомылуы және өз күштерін дұрыс бағалай алмауы. Сонымен қатар азаматтардың мас күйде суға түсуі, ересектердің балаларды дұрыс бақыламауы адам өліміне әкеліп соғып жатады», - дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Титов.

Оның айтуынша, арнайы жабдықталған су айдынының түбін сүңгуірлер тексерген. Онда кемінде 2 арнайы оқытылған құтқарушы кезекшілік атқарады. Балалар шомылатын орын да талапқа сәйкес жасалып, судағы қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі жайлы материалдары бар профилактикалық стендтер орнатылған. Бұдан бөлек, медициналық қызметкерлер мен құтқарушыларға арналған бекеттер жұмыс істейді.

«Полиция қызметкерлері құтқарушылармен бірлесіп жағалауларды 566 рет патрульдеді. Соның нәтижесінде 9 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Атап айтқанда, 5 азамат ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы бойынша (су пайдалану ережелерін бұзу), ал 4 тұрғын 440-бабына сәйкес (алкогольді ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйде келу) айыппұл арқалаған», - дейді Өскемен қалалық ПБ табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы Дархан Айтқазин.


Соңғы жаңалықтар