ШҚО түрмелерінде 13 мың шаршы метр өндірістік алаң бос тұр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысындағы түзету мекемелерінде 64 кәсіпкер тауар өндіріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен ведомствоаралық кеңесте айтылды. Жергілікті әкімдіктер мен қылмыстық-атқару департаментінің қызметкерлері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен бизнес өкілдері сотталғандарды колонияларда жұмыспен қамту мәселелерін талқылады.

«Қазіргі кезде облыстың түзеу мекемелерінде «Еңбек-Өскемен» РМК филиалдары мен 64 жеке кәсіпкер қызмет етеді. Олар 1,5 мың сотталған азаматты жұмыспен қамтыған. Тағы 400-ден астам азамат өндірістік-шаруашылық жасақтарда еңбек етеді», - дейді облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Әсел Момынжанова.

Оның айтуынша, аталмыш нысандарда жұмыс істегені үшін оларға еңбек келісімшарттары негізінде жалақы төленеді. Ол ақшаға сотталған азаматтар қажетті азық-түлік пен тұрмыстық заттар алады. Кейбірі оны туыстарына жіберсе, кейбірі жасаған қылмысының материалдық шығынын өтейді.

«Түзеу мекемелерінде көбінесе құм және газ блоктары, тротуар тақталары сияқты құрылыс материалдары өндіріледі. Пластик терезелер мен есіктер құрастырып, корпустық және жұмсақ жиһаз, метал бұйымдары мен тігін өнімдерін шығараушылар да бар. Бір айта кетерлігі, мұнда шығарылған өнімдерге сұраныс жоғары», - дейді прокуратура өкілі.

Дегенмен, бұл тұрғыда мүмкіндік әлі де толық пайдаланылмай отыр.

«Өскемен, Семей қалалары мен Шемонаиха, Жарма аудандарының түзеу мекемелерінде барлық инженерлік инфрақұрылымы бар 13 мың шаршы метр өндірістік орын бос тұр. Ведомство өкілдері түзеу мекемелерінің басшылары мен «Еңбек-Өскемен» РМК филиалына кәсіпкерлік нысандармен өзара іс-қимылдарды жетілдіруді тапсырды», - дейді Әсел Момынжанова.

Соңғы жаңалықтар