ШҚО тұрғынының мопедін айдап кеткен 15 жастағы бозбала ұсталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласында «Racer» маркалы мопедті айдап кеткен бозбалаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «102» жедел арнасына 45 жастағы қала тұрғыны хабарласқан.

Өз сөзінде ол гараж құлпын сындырып ішке кірген белгісіз біреудің «Racer» мопедін ұрлап кеткенін айтты.

Осының салдарынан келген материалдық шығын 50 мың теңгеге бағаланған.

«Жедел-іздестіру шараларын жүргізген криминалдық полиция қызметкерлері көп ұзамай қылмысты істі ашты. Ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 15 жастағы бозбала жеткізілді. Жауап алу барысында ол өз кінәсін мойындап, мопедті иесіне қайтарды. Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған бала ата-анасына тапсырылған» деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Осы ретте полиция департаменті балалардың қылмыс жасауына жол бермеу мақсатында ата-аналарға тұрақты түрде түсіндіру жұмысын жүргізу қажеттігін ескертеді.

Соңғы жаңалықтар